Басты жаңалықЖаңалықтар

Алматыда 50-ден астам адам үйсіз қалды: үлескерлер алаяқ құрылысшыны іздеп жүр

Компания басшысы жер телімдері мен салынып жатқан үйлерді бірнеше адамға қайта сатып, ізін суытқан

Алматыда 50-ден астам адам төрт жыл бұрын коттедж қалашығының құрылысына ақша салғанымен, әлі күнге дейін баспаналарына қол жеткізе алмай отыр. Кейбірі несие рәсімдеп, енді бірі бар үйін сатып, құрылысқа қаржы құйған. Қазір үлескерлер ақшаларын қайтаруды талап етіп, полицияға жүгінді, деп хабарлайды NewsMedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Коттедж қалашығы Алматының тау бөктерінде орналасқан. Құрылыс 2022 жылы басталған. Жеке кәсіпкер үйлерді іргетасы қаланған кездің өзінде сата бастаған. Әр коттедждің бағасы шамамен 33 миллион теңге болған.

Алайда төрт жыл ішінде құрылыс аяқталмаған. Қазір нысанда тек іргетас пен кірпіш қабырғалар ғана бар. Терезе, есік пен баспалдақ орнатылмаған, құрылыс жұмыстары толығымен тоқтаған.

Үлескерлердің айтуынша, құрылыс мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Кейін кәсіпкер қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтқан.

Жәбірленушілердің бірі Рүстем Әбуғали құрылыс компаниясы бір үйді бірнеше адамға сатқанын кейін білгенін айтты.

Бізге құрылыс алаңы қоршалғанын, жұмысшылар мен техниканың бар екенін көрсетті. Сондықтан еш күмәнданбадық. Құрылыстың аяқталу мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылды. Кейін біздің үйдің бізден бөлек тағы екі иесі бар екенін білдік. Яғни бір үйді алдымен бізге, кейін тағы екі адамға сатқан, – деді ол.

Тағы бір үлескер Ержан Шералиев кеңірек баспанаға көшу үшін өзіне тиесілі 400 шаршы метрлік үйін компания басшысының атына рәсімдеген. Оның орнына үш коттедж алуға алдын ала келісімшарт жасасқан.

Алайда құрылыс аяқталмаған. Ержан Шералиев төрт жылдан бері әйелі, балалары және қарт анасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып келеді.

Үлескерлердің сөзінше, кейін компания басшысы жер телімдері мен салынып жатқан үйлерді бірнеше адамға қайта сатып, ізін суытқан. Қазір оның құрылыс алаңындағы кеңсесі бос тұр, ал кәсіпкер телефон қоңырауларына жауап бермейді.

Жәбірленушілер полицияға арыз жазған.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті азамат М. ресми түрде күдікті деп танылып, сот шешімімен оған сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Ол халықаралық іздеуге жарияланған.

Қазір полиция келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр. Күдіктінің мүлкіне тыйым салынған.

Егер оның кінәсі сотта дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алма БЕЙСЕН

Басқа жаңалықтар

Back to top button