Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерді
Мемлекет басшылары келіссөзді шағын және кеңейтілген құрамда өткізді
15 қыркүйекте Сеулде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мён келіссөз жүргізді. Кездесу қорытындысында екі ел арасындағы қатынастарды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Мемлекет басшылары келіссөзді шағын және кеңейтілген құрамда өткізді. Кездесу нәтижесінде Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрлері екіжақты қатынастардың жаңа деңгейін бекіту жөніндегі вербалды ноталармен алмасты.
Қандай құжаттарға қол қойылды?
Сонымен қатар екі ел делегацияларының мүшелері бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.
Атап айтқанда, мұнай саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан Энергетика министрлігі мен Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігі арасындағы негіздемелік келісім жасалды.
Ғылым және жоғары білім саласында ғылыми-технологиялық кадрларды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды.
Сондай-ақ Қазақстан мен Корея еңбек министрліктері EPS жүйесі аясында жұмысшыларды жіберу және қабылдау мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум жасасты.
Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында да екі меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, зияткерлік меншік, қала құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту, көлік және озық аэромобильділік, энергетика, орманды цифрлық қалпына келтіру және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл бағыттары қамтылды.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарға да ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Кореяның Мәдениет, спорт және туризм министрлігі 2026–2030 жылдарға арналған мәдени ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Сонымен бірге тарихи нысандарды сақтау және басқару саласындағы жан-жақты ынтымақтастық туралы құжат рәсімделді.
Қазақстан 19 млрд долларлық келісімдер жасады
Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның корей инвесторларымен ынтымақтастығына жоғары баға берді.
Президенттің айтуынша, оның бұл сапары аясында жалпы құны 19 млрд доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылған.
«Біз корей инвесторларымен жұмысымызға көңіліміз толады және ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз. Қонақүйлер, мұнай өңдеу зауыты және қала құрылысы бағытында жақсы жоспарлар бар. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Корея Президенті Қазақстанға алғыс айтты
Корея президенті Ли Чжэ Мён Қазақстан Президентінің Сеулге сапарының маңызын атап өтті.
Ол генерал Хон Бом Доның сүйегін Кореяға қайтару туралы шешімі үшін Қазақстан басшылығына алғыс білдірді.
«Қиын кезеңдерде корей халқын қорғауда және Корея тарихында ерекше рөл атқарған генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару туралы шешіміңіз үшін алғыс айтамыз. Кезінде Қазақстанда корей азаматтарын жылы қабылдады. Бұл үшін Сізге және бүкіл қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз», – деді Ли Чжэ Мён.
Кездесу барысында екі елдің ұзақ мерзімді негізде бірлесіп жұмыс істеуге және қажет болған жағдайда бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екені айтылды.
Келіссөз қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Мён Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтып, оған жаңа практикалық мазмұн беруге ниетті екенін растады.




