Басты жаңалықДенсаулық

«Алмаған дәрі де жазылып тұр»: қазақстандықтар Damumed жүйесіндегі түсініксіз жазбаларды көрсетті (ВИДЕО)

Осыдан кейін азаматтарда медициналық картаға адамның өзі жасамаған жазбалар қалай енгізілетіні туралы сұрақ туындаған

Қазақстандықтар Damumed медициналық жүйесінен өздері бармаған дәрігердің қабылдауында болғанын, тіпті алмаған дәрі-дәрмектердің тағайындалғанын байқап жатыр. Бұл туралы 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасаған NewsMedia.kz хабарлайды.

Жүйені тексерген азаматтардың бірі өзінің бармаған дәрігердің қабылдауында болғаны туралы жазбаны көрген. Тағы бір тұрғын медициналық картасынан өзіне тиесілі емес диагнозды анықтаған.

Осыдан кейін азаматтарда медициналық картаға адамның өзі жасамаған жазбалар қалай енгізілетіні туралы сұрақ туындаған.

Денсаулық сақтау министрлігі мұндай жағдайға тап болған азаматтарға медициналық ақпаратын тексеріп, қате мәлімет анықталған жағдайда медициналық ұйымға жүгінуге кеңес берді.

Фото: скрин

Тексеріп, қате деректерді анықтаған жағдайда медициналық ұйымға барып немесе Е-өтініш платформасы арқылы шағым-өтінім қалдыруға болады. Соның негізінде медициналық ұйым қателікті анықтап, тиісті ақпараттық жүйеге өзгерістер енгізеді, – деп хабарлады министрлік.

Ведомство мәселе шешілмеген жағдайда азаматтың сотқа жүгінуге толық құқығы бар екенін атап өтті. Сондай-ақ медициналық деректерге заңсыз өзгеріс енгізген тұлға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Айта кетейік, Damumed жүйесінде азаматтың дәрігерге барғаны, тапсырған талдаулары, қойылған диагноздары және оған тағайындалған дәрі-дәрмектер туралы медициналық ақпарат сақталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button