Жаңалықтар

Астанада Әзербайжанның Жеңіс күні аталып өтті

Қонақтар алдында сөз сөйлеген Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Әлімірзамин Әскеров екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өтті

Қазақстан астанасында Әзербайжан Жеңіс күнінің алтыншы жылдығына орай салтанатты қабылдау өтті. Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастырған іс-шараға Қазақстанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері мен әзербайжан диаспорасының мүшелері қатысты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Салтанатты қабылдау Әзербайжан мен Қазақстанның мемлекеттік Әнұрандарын орындаумен басталды.

Қонақтар алдында сөз сөйлеген Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Әлімірзамин Әскеров екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты байланыстары екіжақты ынтымақтастыққа жаңа мазмұн беріп отырғанын айтты.

Дипломат өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке Жеңіс күніне орай жолдаған құттықтауына ерекше тоқталды. Елшінің айтуынша, Қазақстан басшысы бұл датаның Әзербайжан мемлекеттілігі тарихындағы айрықша орнын атап өтіп, оны халық бірлігі мен ұлттық мүддені қорғаудағы мызғымас ерік-жігердің символы ретінде бағалаған.

8 қарашаның тарихи маңызы туралы айтқан Әлімірзамин Әскеров 2020 жылғы 44 күндік Отан соғысының нәтижесінде Әзербайжан өз аумақтарын азат еткенін, ал 2023 жылғы қыркүйекте мемлекеттік егемендігін толық қалпына келтіргенін еске салды. Елшінің пікірінше, тарихи Жеңіске Президент Ильхам Әлиевтің басшылығы, Қарулы күштердің ерлігі және әзербайжан халқының бірлігі арқасында қол жеткізілді.

Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт үдеріс

Сөз барысында Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт үдеріс мәселесіне де назар аударылды. Дипломат 8 тамызда АҚШ Президентінің қатысуымен Вашингтонда қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызын атап өтті. Олардың қатарында бірлескен декларацияға қол қою және бейбіт келісім жобасын парафирлеу бар.

Елші Қазақстанның осы келісімдерді алғашқылардың бірі болып құптаған мемлекеттер қатарында болғанын жеткізді.

Бейбіт үдерістің нақты нәтижелерінің бірі ретінде Әзербайжанның Арменияға жүк транзитіне қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешімі аталды. Тиісті мәлімдемені Президент Ильхам Әлиев 2025 жылы Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде жариялаған. Шектеулер алынғаннан кейін Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға транзитпен жеткізілген алғашқы жүк Қазақстан астығы болды.

Қазақстанның Қарабақты қалпына келтіруге қосқан үлесі

Елші сөзінің едәуір бөлігі Қазақстанның Әзербайжанның азат етілген аумақтарын қалпына келтіру жұмыстарына қатысуына арналды.

Әлімірзамин Әскеров Физули қаласындағы қазақтың көрнекті композиторы Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының қызметін ерекше атап өтті. Екі мемлекет басшысының бірлескен қатысуымен ашылған бұл мекеме бүгінде 100-ге жуық баланың интеллектуалдық және шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасап отыр.

Дипломат бұл жобаны Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы бауырластық қарым-қатынас пен нақты ынтымақтастықтың айқын үлгісі деп бағалады.

Оның айтуынша, Қарабақты қалпына келтіру жұмыстары заманауи қалалар, автомобиль жолдары, халықаралық әуежайлар, энергетика, денсаулық сақтау және білім беру нысандарын салуды қамтиды.

Сондай-ақ елші Ханкенди қаласындағы Қарабақ университетінде әзербайжандық студенттермен қатар Қазақстан жастарының да білім алып жатқанын айтты. Бұл екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Транскаспий жобасы – цифрлық байланыстың жаңа мүмкіндігі

Экономикалық және технологиялық ынтымақтастықтың келешегі туралы сөз қозғаған Әлімірзамин Әскеров «Цифрлық Жібек жолы» бастамасы аясында жүзеге асырылған бірлескен Транскаспий талшықты-оптикалық жобасын атап өтті.

Байланыс желісінің ресми ашылу рәсімін онлайн форматта Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген.

Каспий теңізінің түбімен Сумғайыт пен Ақтау қалаларының арасын жалғаған кабельдің ұзындығы шамамен 380 шақырымды құрайды. Оның өткізу қабілеті секундына 400 терабиттен асады.

Елшінің айтуынша, бұл жобаның жүзеге асуы Азия мен Еуропа арасындағы цифрлық өзара іс-қимылға жаңа мүмкіндіктер ашып, Орта дәліздің стратегиялық маңызын арттырады. Осылайша, аталған бағыт халықаралық маңызы бар көлік жолымен қатар, цифрлық маршрутқа да айналып келеді.

Сөзінің соңында Әлімірзамин Әскеров Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастар алдағы уақытта да дами беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар ол Әзербайжанның аумақтық тұтастығы мен егемендігі жолында қаза тапқандарды еске алды.

Салтанатты қабылдау аясында музыкалық бағдарлама ұсынылды.

Дәулетқали АСАУ

Фото: дереккөз

Басқа жаңалықтар

Back to top button