Жаңалықтар

Үндістанда қазақстандық бапкер 16 жастағы велоспортшыны зорлады деген күдікке ілінді

Оқиға 13 қыркүйекте Патиаладағы Ұлттық спорт институтының аумағында болған

Үндістанның Пенджаб штатындағы Патиала қаласында Қазақстаннан барған бапкер 16 жастағы велоспортшы қызды зорлады деген күдікке ілінді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктіге іздеу жарияланды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Оқиға туралы Hindustan Times басылымы жазды.

Оқиға Ұлттық спорт институтында болған

Тергеу мәліметінше, оқиға 13 қыркүйекте Патиаладағы Ұлттық спорт институтының аумағында болған.

Кәмелетке толмаған спортшы полицияға берген арызында оқиғаның қыздар жатақханасына жақын орналасқан, шетелдік бапкерге берілген қызметтік бөлмеде болғанын көрсеткен.

Қыз полицияға 18 қыркүйекте жүгінген. Осыдан кейін Civil Lines полиция бөлімінде Үндістанның қылмыстық заңнамасы және балаларды сексуалдық зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заң бойынша қылмыстық іс тіркелген.

Алайда полицияға арыз түскен кезде күдікті институт аумағынан кетіп қалған.

Күдікті Делиден де табылмаған

Тергеу барысында қазақстандық бапкердің кейін Делидегі басқа спорттық лагерьде болғаны анықталған. Патиала полициясы оны ұстау үшін арнайы топтар құрған.

Құқық қорғау органдары Делиге де қызметкерлер жібергенімен, полиция барған кезде күдікті ол жерден де кетіп қалған.

Патиала полициясының өкілі Мохит Агарвалдың айтуынша, күдіктінің төлқұжаты тәркіленген. Оның Үндістан аумағынан шығып кетуіне жол бермеу үшін арнайы іздестіру шаралары қолға алынған.

«Арнайы топтар оның болуы мүмкін жерлерді тексеріп жатыр. Делиге де қызметкерлер жіберілді, бірақ ол жерден табылмады. Оның төлқұжаты тәркіленді. Күдіктіні мүмкіндігінше тез арада ұстау үшін барлық шара қабылданып жатыр», – деді Мохит Агарвал.

Спортшы медициналық тексеруден өтті

Полиция мәліметінше, кәмелетке толмаған қыз медициналық тексеруден өткен.

Тергеу дерегіне сәйкес, қазақстандық бапкер Патиалаға бірнеше ай бұрын келген және осы уақытқа дейін Ұлттық спорт институтының қызметкерлерге арналған жатақханасында тұрған.

Қазір Үндістан полициясы күдіктіні іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Істің өзге де мән-жайлары тергеу барысында анықталмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button