Қазақстанда әлеуметтік төлемдер жүйесі өзгереді: кімдерге әсер етеді
Негізгі қағида – мемлекеттік қолдауды оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау
Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсету жүйесін неғұрлым атаулы форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұл ретте жәрдемақы, жеңілдік және басқа да әлеуметтік қолдау шараларын алу талаптары қайта қаралмақ, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтты.
Әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?
Реформаның алғашқы кезеңінде қолданыстағы 36 түрлі төлемнің 14 түрі бойынша атаулы көмек көрсетуге қажетті нормативтік база әзірленеді.
Негізгі қағида – мемлекеттік қолдауды оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау.
Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдар ұсынатын әлеуметтік көмектің 13 түрін азаматтардың мұқтаждық деңгейіне қарай төрт негізгі түрге біріктіру жоспарланып отыр.
Ардагерлерге берілетін мемлекеттік қолдау шараларына да атаулылық қағидатын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Жаңа жүйені 2027 жылдың басынан іске қосу жоспарланған.
Балалы отбасыларға қатысты қандай өзгеріс бар?
Кеңесте бала күтіміне байланысты ер адамдарға да мемлекеттік демалыс беру мүмкіндігі талқыланды.
Сонымен қатар әйелдерге бала күтімінің алғашқы екі жылындағы қолдау тетігін өзгерту ұсынылды. Атап айтқанда, осы кезеңде балаларды балабақшаға дейінгі жастағы мекемелермен қамту және кішкентай балаларға күтім жасайтын мамандардың тапшылығын шешу мәселесі қарастырылып жатыр.
Мүгедектік белгілеудегі заңбұзушылықтарды AI анықтады
Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету кезінде жасанды интеллект технологиялары да қолданылып жатыр.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, цифрлық жүйелер медициналық құжаттарды қолдан жасауға қатысты 167 жағдайды анықтаған. Осы фактілер құқық қорғау органдарына жолданды.
Бұдан бөлек, жүйе әртүрлі адамдарға қатысты деректердің бірдей болып шыққан 18 647 жағдайын анықтаған. Қазір олардың барлығы тексеріліп жатыр.
Өзгерістер кімдерге қатысты?
Жаңа тәсіл «Цифрлық отбасы картасы» жүйесінде «А» – әл-ауқаты жоғары және «В» – ауқатты санаттарына жатқызылған мемлекеттік көмек алушыларға қатысты болады.
Қазір әкімдіктер «Цифрлық отбасы картасы» арқылы азаматтар арасында сауалнама жүргізіп жатыр.
1 қазаннан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы халыққа кезең-кезеңімен ақпарат беріледі. Хабарламалар SMS арқылы, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы жіберіледі.
Жиналған ұсыныстардың негізінде заңнамалық өзгерістер әзірленіп, олар Құрылтайдың қарауына енгізіледі.



