Долларлық депозит мөлшерлемесі 0,9%-дан жоғары көтерілуі мүмкін
Алайда қазіргі таңда теңгелік депозиттердің табыстылығы шетел валютасындағы салымдарға қарағанда әлдеқайда жоғары болып отыр
Қазақстанда қазан айынан бастап шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелерді кезең-кезеңімен жұмсарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Kapital.kz-ке берген сұхбатында айтқан, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Ұлттық банк валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемені бірден көтеруді көздеп отырған жоқ. Шектеулер кезең-кезеңімен алынып, банктерге депозиттердің табыстылығын белгілеуде көбірек еркіндік беріледі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Зейнеткерлерге маңызды жаңалық: 2027 жылғы зейнетақы мөлшері айтылды
Неліктен Ұлттық банк тәсілін өзгертті?
Қазақстан 2014 жылдан бастап дедолларизация саясатына басымдық берді. Сол кезде валюталық депозиттердің табыстылығына шектеу қойылып, теңгелік салымдардың мөлшерлемесі әлдеқайда жоғары болды.
Мысалы, шілде айында жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша орташа мөлшерлеме 14,7 пайызды құраса, шетел валютасындағы салымдарда бұл көрсеткіш небәрі 0,9 пайыз болған.
12 жылға жуық жүргізілген шектеу саясаты валюталық депозиттердің үлесін айтарлықтай қысқартты. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, халықтың доллардағы депозиттерінің үлесі 2015 жылғы 80 пайыздан қазіргі шамамен 20 пайызға дейін төмендеген.
Валюта қайда кетіп жатыр?
Валюталық депозиттер бойынша төмен мөлшерлеменің кері әсері де байқала бастаған.
Кейбір салымшылар шетел валютасын Қазақстан банктеріндегі депозитте сақтағаннан гөрі қолма-қол ұстауды, алтын сатып алуды немесе шетелдік бағалы қағаздарға инвестициялауды жөн көреді.
Осыған байланысты Ұлттық банк валютаны қайтадан банк жүйесіне тарту үшін қолданыстағы тәсілді біртіндеп өзгертуді жоспарлап отыр.
Теңгелік депозиттер әзірге тиімдірек
Жаңа тәсіл долларлық жинақ иелеріне өз қаражасынан көбірек табыс алуға мүмкіндік беруі мүмкін. Банктер үшін де бұл валюталық қаражаттың бір бөлігін депозиттерге қайтаруға жағдай жасайды.
Алайда қазіргі таңда теңгелік депозиттердің табыстылығы шетел валютасындағы салымдарға қарағанда әлдеқайда жоғары болып отыр.



