Степногорскінің жаңа әкімі тағайындалды
Облысқа қарасты тағы бір ауданда да кадрлық өзгеріс болды
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың 21 қыркүйектегі өкімімен Степногорск қаласының әкімі болып Талғат Ерсейітов тағайындалды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Бұл не сұмдық!»: Степногорскіде жол жөндеу кезінде өрескел кемшіліктер анықталды
Талғат Ерсейітов кім?
Талғат Аманбайұлы Ерсейітовтің Ақмола облысындағы жергілікті мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибесі бар.
Ол 2023 жылдың қарашасынан бері Астрахан ауданын басқарды. Бұған дейін 2009-2012 жылдары осы аудан әкімінің орынбасары, ал 2012-2017 жылдары аудан әкімі қызметін атқарған.
2017-2019 жылдары Есіл ауданының әкімі болды. 2019-2023 жылдары Бұланды ауданын басқарды.
Ерсейітов өңірдегі мемлекеттік органдар жүйесіндегі еңбек жолын Астрахан ауданынан бастаған.
Степногорскінің бұрынғы әкімі кім?
Степногорск қаласын 2024 жылдың қарашасынан бері Гайдар Қасенов басқарған.
Оған дейін ол 2021-2024 жылдары Қосшы қаласының, 2019-2021 жылдары Шортанды ауданының әкімі болды. Сондай-ақ квазимемлекеттік секторда және Астана әкімдігінде басшылық қызметтер атқарған.
2025 жылдың сәуірінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Гайдар Қасеновке моноқаланы абаттандыру жұмыстарын бақылау деңгейінің жеткіліксіз болғаны үшін сөгіс жариялаған.
Степногорскіде жолдардың жағдайы, абаттандыру және инженерлік инфрақұрылым мәселелері әлі де өзекті болып отыр.
Тағы бір кадрлық өзгеріс
21 қыркүйекте Ақмола облысында тағы бір аудан әкімі қызметінен босатылғаны белгілі болды. Аршалы ауданының әкімі Достанбек Есжанов өз қызметінен кетті.
Еске салсақ, бұған дейін Степногорскіде педагогтерге 1,8 млн теңге іссапар шығыны төленбегенін жазған едік.



