Басты жаңалықЭкономика

Зейнетақы жинағы көбейгенімен, құны азайып кетті

Қордың түсіндіруінше, табыстылық көрсеткішіне шетел валютасындағы активтерді қайта бағалау әсер еткен

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары жыл басынан бері инфляцияны толық жаба алмады. 1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ активтерінің табыстылығы 4,39% болса, осы кезеңдегі инфляция 5,7%-ға жеткен. Нәтижесінде зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы -1,31% болды, деп хабарлайды NewsMedia.kz тілшісі.

БЖЗҚ мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жеті айында қордың инвестициялық кірісі 1,15 триллион теңгеге жеткен. 1 тамызға қарай салымшылардың шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің табыстылығы 4,39%-ды құрады. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 4,21% болған.

Алайда Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, қаңтар-шілде аралығындағы жинақталған инфляция 5,7%-ды құраған. Сондықтан номиналды табыс инфляция деңгейінен төмен болып отыр.

Бұған не әсер етті?

Қордың түсіндіруінше, табыстылық көрсеткішіне шетел валютасындағы активтерді қайта бағалау әсер еткен. Шілдеде теңге АҚШ долларына қатысты 1,3%-ға нығайған.

БЖЗҚ қысқа мерзімді табыстылық көрсеткіші қор активтерін басқарудың тиімділігін толық көрсете алмайтынын атап өтті. Себебі бағалы қағаздардың құны мен валюта бағамының қысқа мерзімді өзгерістері инвестициялық кіріске тікелей ықпал етеді.

Сонымен бірге 2025 жылдың тамызы мен 2026 жылдың шілдесі аралығында БЖЗҚ зейнетақы активтерінен 1,81 триллион теңге инвестициялық табыс алған. Осы 12 айдағы жалпы табыстылық 7,13% болды.

Зейнетке шығатындар үшін маңызды өзгеріс

2027 жылдан бастап Қазақстанда зейнетке шығатын БЖЗҚ салымшыларына инфляция айырмасын біржолғы өтеу тәртібі тоқтатылады. Яғни мемлекет азамат зейнетке шыққан кезде оның жинақтарының инвестициялық табысы бүкіл жинақтау кезеңіндегі инфляцияны толық өтейтініне бұрынғыдай кепілдік бермейді.

Ал 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін жеке басқарушы компанияларға аудару мүмкіндігі беріледі.

Алма БЕЙСЕН

Басқа жаңалықтар

Back to top button