Басты жаңалықҚоғам

Алматы облысында 21 жастағы қыздың денесі ерлер дәретханасынан табылды (ВИДЕО)

Марқұмның жақындары оның өзіне қол жұмсағанына сенбейді

Алматы облысының Ұзынағаш ауылында 21 жастағы Диана Сансызбайдың денесі дүкен маңындағы ерлер дәретханасынан табылды. Полиция бұл факт бойынша «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда марқұмның жақындары оның өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Олар қыздың өліміне қатысты бірқатар жайттың күмәнді екенін айтып отыр. Бұл туралы NewsMedia.kz 31-телеарнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қыздың соңғы күні қалай өткен?

Диананың денесі 29 маусымда Ұзынағаштағы дүкеннің жанындағы дәретханадан табылған.

Марқұмның анасы Қаракөз Қалжанованың айтуынша, қызының өлімінен бір күн бұрын көңіл-күйі жақсы болған. Ол анасына сыйлық жасап, сұлулық салонына апарған және екеуіне концертке билет алған. Кейін жұмысын аяқтап, ағасының үйіне кеткен.

Кейін отбасыға қыздың қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жеткен.

Анасы қызының денесінен бірнеше күмәнді белгі байқағанын айтады.

Үстінде киімі де жоқ, тек іш киімімен жатқан. Шашы алба-жұлба, арасында шөп-шалаң болған. Мойны бір жағына қисайып қалған. Жауырын тұсы мен арқасында көкпеңбек, дөңгелек тәрізді іздер болды. Екі қолын қысып алған. Сақинасы бар, бірақ мойнындағы алқасы жоқ. Бір қолы көгерген, белінен төмен де көкпеңбек болған, – деді Қаракөз Қалжанова.

Туыстары сол түні бірнеше жігіт болғанын айтады

Марқұмның анасы оқиға болған түні дәретханаға кірген қыздың сөзін де келтірді. Оның айтуынша, әлгі қыз түнгі сағат 02:05 шамасында дәретхана маңында бірнеше жігітті көрген.

Мен түнгі сағат екіден бес минут кеткенде дәретханаға бардым. Сол кезде мұнда қара көлік пен оның жанында ақ көлік тұрды. Төрт жігіт шемішке шағып, күліп отырған, – деген қыздың сөзін анасы жеткізді.

Диананы соңғы рет дүкеннен көрген. Ол жиендеріне ойыншық сатып алып, үйіне қарай шыққан. Жолда біреумен телефон арқылы сөйлескеннен кейін дүкен жанындағы дәретханаға барған. Бірақ одан кейін қайта шықпаған.

Кейін оның денесін дәретхана тазалаушысы тауып, полиция мен жедел жәрдем шақырған.

Туыстарының күмәні бар

Марқұмның ағасы Есен Қалжанның айтуынша, оқиға орнындағы жағдай да бірқатар сұрақ тудырады.

Ол Диананың жеке заттары кейіннен өздері іздеп жүріп табылғанын айтты.

Мойнында жіптің ізі болған. Артқа қарап тұрған күйде болған. Астында ештеңе жоқ. Телефоны бір бұрышта, сөмкесі басқа бұрышта жатқан. Есік жабық болған. Адам өлер алдында ең болмаса еңкейеді ғой. Ал ол түп-түзу тұрған, – деді Есен Қалжан.

Ағасының сөзінше, дәретхананың қабырғасы биік болғандықтан, қыздың жіпті жоғарыға өздігінен байлауы мүмкіндігіне де туыстары күмән келтіреді.

Отбасы сонымен қатар Диананың сөмкесінде болған 100 мың теңге мен алтын алқасы жоғалғанын мәлімдеді.

Полиция не дейді?

Полиция бұл факті бойынша «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы негізінде қылмыстық іс тіркелгенін және қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Ал марқұмның анасы мен ағасы қыздың өліміне басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деп есептейді. Отбасы тергеу барысында осы нұсқаның да жан-жақты тексерілуін талап етіп отыр.

Қылмыстық іс бойынша түпкілікті баға тергеу нәтижелері мен сот сараптамалары аяқталғаннан кейін беріледі.

Алма БЕЙСЕН

Басқа жаңалықтар

Back to top button