«Қызылша өршіп кетті»: Қазақстанда сәбилерге 6 айынан бастап екпе салына бастады
Қызылша ауруы пневмонияға, жүйке жүйесінің зақымдануына және өзге де ауыр асқынуларға әкеп соғуы мүмкін

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елде қызылша ауруының өршуіне байланысты ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Ана ретінде де, дәрігер ретінде де мен әрбір ата-ана үшін ең басты құндылық — баласының қауіпсіздігі екенін жақсы білемін. Бүгінде елімізде қызылша ауруының өсуі тіркелуде. Бұл “қарапайым балалар инфекциясы” емес. Қызылша – асқынуы ауыр болуы мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі, – деді министр.
Министрдің айтуынша, қызылша ауруы пневмонияға, жүйке жүйесінің зақымдануына және өзге де ауыр асқынуларға әкеп соғуы мүмкін. Әсіресе, ерте жастағы балалар үшін қауіпті.
Ақмарал Әлназарованың сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар шара қабылдаған. Атап айтқанда, 6-10 айлық балаларға қосымша иммундау басталды, екпе алмаған балаларды вакцинациялау ұйымдастырылды және профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Министр сырқаттанушылықтың өсу қарқыны бәсеңдей бастағанын, дегенмен жағдай баршаға ортақ жауапкершілікті талап ететінін айтты.
Сонымен қатар ведомство басшысы вакцинация ғана сенімді қорғаныс екенін алға тартты. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген. Министр ата-аналарды дәлелді медицина қағидаттарына және мамандардың ұсынымдарына сүйенуге шақырып, екпе бір баланы ғана емес, өзге балаларды да қорғайтынын еске салды.
Фото: canva



