Білім

Ата заң құндылықтары мен заманауи білім: дарынды ұрпақты дамытудың жаңа бағыттары талқыланды

Zoom платформасында өткен іс-шараға «Дарын» орталықтарының басшылары, мамандандырылған білім беру ұйымдарының директорлары, директорлардың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтер құралған  жалпы саны 300 адам қатысты

Бүгін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Ата заң құндылықтары және заманауи білім: дарындылықты дамытудың стратегиялық векторлары» тақырыбында республикалық онлайн конференция өтті, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Zoom платформасында өткен іс-шараға «Дарын» орталықтарының басшылары, мамандандырылған білім беру ұйымдарының директорлары, директорлардың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтер құралған  жалпы саны 300 адам қатысты.

Пленарлық отырыста білім беру саласындағы өзекті мәселелер, дарынды балалардың әлеуетін ашу, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу, жасанды интеллект дәуіріндегі білім беру, когнитивтік және әлеуметтік дағдыларды дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

«Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Гүлшат Серикбекова «Саналы қоғам – сапалы мемлекет» тақырыбында баяндама жасап, саналы әрі жауапты тұлға қалыптастырудың маңызын атап өтті.

«Біз білім дегенде ең алдымен мектепті елестетуге үйреніп қалдық. Алайда баланың тәрбиесі мен дүниетанымына отбасы мен қоғамның да ықпалы зор. Ал қазіргі шынайылықта әлеуметтік желілердің әсері тіпті артып отыр. Сондықтан мектептің білім беру жүйесіндегі орны өте маңызды болғанымен, білімді қоғам қалыптастыру тек мектептің міндеті емес», – деді Гүлшат Серікбекова.

Гүлшат Серікбекова мемлекет пен қоғамға тек білімді әрі табысты мамандар ғана емес, саналы және жауапты азаматтар қажет екенін атап өтті. Бұл мәселе дарынды балалармен жұмыс істеу кезінде айрықша маңызды.

Өйткені жоғары интеллект пен ерекше қабілет – үлкен ресурс. Алайда оның қоғам игілігіне немесе жеке мүддеге қалай бағытталатыны баланың бойындағы құндылықтар мен азаматтық жауапкершілікке тікелей байланысты.

«Бүгін біз дарынды балалардың тек интеллектуалдық дамуы туралы ғана емес, олардың құндылықтық және азаматтық тұрғыдан жетілуі туралы да айтуымыз керек. Себебі адамның қабілеті, білімі мен мүмкіндігі артқан сайын оның қоршаған ортаға ықпалы да күшейеді. Сондықтан жоғары қабілетпен бірге жоғары жауапкершілік те қалыптасуы тиіс. Егер біз Қазақстанды мықты, тұрақты және бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде көргіміз келсе, бүгін балалар тәрбиесіне қатысты әрбір ісіміздің астарында қандай жалпыадамзаттық құндылықтар жатқанын ескеруіміз қажет. Білім адамға мүмкіндік береді, ал адамгершілік оған құндылықтық бағдар береді », – деді «Сенімен Болашақ» РҚБ төрағасы.

Конференция барысында Astana IT University профессоры, PhD Арыстан Сатанов жасанды интеллект дәуірінде дарынды оқушылардың бірегейлігін қалыптастыру, когнитивтік дағдыларын дамыту және құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелерін көтерді. Ал Гази университетінің «Білім беруде өлшеу және бағалау» кафедрасының меңгерушісі, халықаралық сарапшы Исмайл Каракая білім алушылардың когнитивтік және әлеуметтік дағдыларын қатар бағалауға мүмкіндік беретін CPS LAB (Collaborative Problem Solving Laboratory) инновациялық құралы туралы таныстырды.Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты Ерұлан Жиенбаев жасанды интеллект дәуіріндегі «Tolyq Adam» моделінің м үмкіндіктеріне тоқталып, адал азамат қалыптастырудағы құндылықтық тәрбиенің рөлін атап өтті.

Іс-шара аясында білім беру жүйесінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, дарынды оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамыту, азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық білім беру тәжірибесін енгізу мәселелері сараланды.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар дарынды балаларды қолдаудың заманауи моделін жетілдіру, педагогтердің кәсіби құзыретін арттыру және білім алушылардың зияткерлік әрі тұлғалық әлеуетін дамыту бағытындағы жұмысты одан әрі күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button