Басты жаңалықҚоғам

Жеті шелпек пісіру, Құран бағыштау және ас беру: ҚМДБ көзқарасы қандай?

Басқарма Әбу Һурайра жеткізген хадисті мысалға келтірді

ҚМДБ жеті шелпек пісіру, марқұмға Құран бағыштау, оның атынан садақа беру және ас ұйымдастыруға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Діни басқарманың мәліметінше, дүниеден өткен адамға Құран бағыштау, оның атынан садақа жасау және игі іс атқару – қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан діни-дәстүрлі құндылықтардың бірі.

ҚМДБ соңғы уақытта кейбір діни ағым өкілдері мұндай амалдарды түгелдей «бидғат» деп атап, қоғамда түсініспеушілік туғызып жүргенін атап өтті.

Басқарманың түсіндіруінше, Пайғамбар дәуірінде болмаған кез келген істі бірден «бидғат» деп бағалау дұрыс емес. Егер белгілі бір амал исламның негізгі қағидаларына қайшы келмесе және шариғат талаптарына сай болса, оны рұқсат етілген іс ретінде қарастыруға болады.

Марқұмның атынан садақа беруге бола ма?

ҚМДБ марқұмның атынан садақа берудің исламда негізі бар екенін атап өтті.

Басқарма Әбу Һурайра жеткізген хадисті мысалға келтірді. Онда бір адам Пайғамбарымыздан қайтыс болған әкесінің атынан садақа берсе, оған сауабы тие ме деп сұраған. Пайғамбарымыз «Иә» деп жауап берген.

Сондай-ақ басқа бір риуаятта Сағид ибн Убада анасы қайтыс болғаннан кейін оның атынан садақа беруге болатынын сұрағаны және оған рұқсат берілгені айтылады.

Осыған байланысты марқұмның атынан садақа беру, дұға жасау және Құран бағыштау қазақ қоғамында да кеңінен қалыптасқан.

Жеті шелпекке қатысты не айтылды?

ҚМДБ жеті шелпек пісіруді шариғатқа қайшы амал деп санамайды. Шелпек пісіріп, оны садақа ретінде таратуға болады.

Алайда жеті шелпек пісіру діни тұрғыдан міндет немесе парыз емес. Яғни шелпектің нақты санына қатысты шариғатта міндеттелген талап жоқ.

Бастысы – жасалған садақаны ысырапқа, мақтанға немесе жарысқа айналдырмау.

Ас беру дұрыс па?

ҚМДБ-ның айтуынша, марқұмның рухына арнап дастархан жайып, ағайын-туысты жинау, дұға жасау және садақа беру де шариғатқа қайшы емес.

Қазақ дәстүріндегі жетісі, қырқы, жүзі және жылы сияқты жиындардың қалыптасуына ұлттық дәстүрмен қатар, алыстағы ағайынның қазалы үйге келіп, көңіл айтуы да әсер еткен.

Діни басқарма ас-садақаның мақсаты байлықты көрсету немесе бәсекелесу емес, марқұмды еске алу, дұға жасау, садақа беру және қайғыға ортақтасу болуы керек екенін атап өтті.

Басқарма мұндай кезде қаралы отбасының жағдайын да ескеруге шақырды. Пайғамбарымыз Жағфар ибн Әбу Тәліптің отбасы қара жамылып отырған кезде, оларға өзге адамдардың тамақ дайындап беруін тапсырғаны туралы дерек бар.

ҚМДБ осыдан қазақтың «Қазалы үйде қазан көтерілмесін» деген дәстүрінің де мәнін көруге болатынын айтты.

«Бидғат» деп бірден жоққа шығаруға болмайды

ҚМДБ дәстүрдің сыртқы көрінісіне қарап, оны бірден дінге қайшы деп бағалаудың дұрыс емес екенін жеткізді.

«Дәстүрдің діни негізі мен тәрбиелік мәніне назар аудару қажет», – деп атап өтті басқарма.

Осы ретте ҚМДБ марқұмға Құран бағыштау, оның атынан садақа беру және игі іс жасау сияқты, шариғатқа қайшы келмейтін әрі ізгілікке негізделген дәстүрлерді сақтаудың маңызын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button