Басты жаңалықЖаңалықтар

Президент Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет отставкаға кететінін айтты

Президент кадрлық өзгерістер мемлекеттік аппаратқа жаңа серпін беруі тиіс екенін атап өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет өз өкілеттігін тоқтататынын және министрлер кабинетінде бірқатар өзгеріс болатынын мәлімдеді. Алайда Мемлекет басшысы қазіргі Үкіметтің жұмысына қатысты сын айтуға негіз жоқ екенін айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Тоқаевтың сөзінше, Үкімет өзіне жүктелген міндеттерді орындап, жедел жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар әлемдегі бәсекелестіктің күшеюіне байланысты Қазақстан жаңа экономикалық сын-қатерлерге дайын болуы қажет.

Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кадрлық өзгерістер мемлекеттік аппаратқа жаңа серпін беруі тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, қызметтен босату тек нақты себепке негізделуі керек.

Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек, – деді Президент.

Тоқаев жаңғыру үдерісі үздіксіз жалғасуы қажет екенін айтып, бұл бағытта Үкіметтің рөлі маңызды екенін жеткізді.

Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүріп отыруы тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады, – деді ол.

Осылайша, Құрылтай сайлауынан кейін Үкіметтің отставкаға кететіні белгілі болғанымен, жаңа министрлер кабинетінің нақты құрамы әзірге жарияланған жоқ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button