Басты жаңалықЭкономика

Ұлттық қордан қаражат алынады: Тоқаев ақшаның қайда жұмсалатынын айтты

Президент Ұлттық қордың пайдасын қазақстандық балалар да көріп отырғанын атап өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор қаражатының қандай мақсаттарға бағытталатынын түсіндірді. Мемлекет басшысының айтуынша, қордан қаржы тек елдің ұзақмерзімді дамуына әсер ететін стратегиялық жобаларға бөлінеді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Тоқаев Құрылтайдың алғашқы отырысында Ұлттық қордың қаражаты жөніндегі қоғамдағы пікірлерге де тоқталды.

Президенттің айтуынша, қордан ақша «оңды-солды және мақсатсыз» алынбайды. Қаражатты пайдалану нақты нәтижеге бағытталуы тиіс.

Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады. Кез келген қордың, әсіресе Ұлттық қордың тиімділігі ең алдымен келер ұрпақтың игілігі жолындағы нақты нәтижемен өлшенеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Ұлттық қордың пайдасын қазақстандық балалар да көріп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, балалардың есепшоттарына қаражат аударылып жатыр.

Сонымен қатар Тоқаев болашақ ұрпақ үшін заманауи әрі сапалы инфрақұрылым қалыптастыру қажеттігін айтты.

Келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуымыз керек, – деді ол.

Мемлекет басшысы мұндай жобалар Қазақстанның алдағы ондаған жылдардағы, тіпті ғасырлар бойғы дамуына негіз қалыптастыратынын жеткізді.

Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі. Бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда кеңірек тоқталамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button