Тоқаев Құрылтай төрағалығына Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды
Бұл туралы Мемлекет басшысы Құрылтайдың алғашқы отырысында мәлімдеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Құрылтайының төрағасы қызметіне Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Құрылтайдың алғашқы отырысында мәлімдеді.
Тоқаевтың айтуынша, жаңа Конституцияға сәйкес елдегі билік институттарын қалыптастыру үшін бірқатар рәсімнен өту қажет. Соның бірі – Құрылтайдың басшылық құрамын сайлау.
Президент кандидатты қолдауға шақырды
Президент Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай төрағасының кандидатурасын Мемлекет басшысы ұсынатынын атап өтті.
Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарын Айбек Дәдебайдың кандидатурасын қолдауға шақырды.
Айбек Дәдебай туралы не белгілі?
Айбек Дәдебай 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. Кейін осы оқу орнында магистратурада білім алып, «аймақтану магистрі» дәрежесін алған.
Еңбек жолын аталған университетте оқытушы болып бастаған.
2008-2011 жылдары Парламент Сенаты Аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінде сарапшы, сондай-ақ Сенат төрағасы көмекшісінің міндетін атқарушы қызметтерін атқарды.
2011-2013 жылдары Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде үшінші хатшы және атташе болды.
2013-2019 жылдары Парламент Сенаты төрағасы хатшылығы басшылығы құрамында қызмет етті.
2019-2021 жылдары Президент Кеңсесі бастығының орынбасары болды. 2021 жылдың мамырынан 2022 жылдың қаңтарына дейін Президент Іс басқарушысының орынбасары қызметін атқарды.
2022 жылы Президент Іс басқарушысы болып тағайындалды.
2024 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметіне келді.
Ал 2026 жылдың мамыр айынан бастап Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы қызметін атқарып келеді.
Енді Құрылтай депутаттары Президент ұсынған кандидатураға қатысты шешім қабылдайды.



