Басты жаңалықСаясат

Тоқаев Корея Парламенті спикеріне елдегі саяси реформалар туралы айтып берді

Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен болған келіссөздердің нәтижесіне тоқталды

Президент Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шикпен кездесті, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Чо Чжон Шикке ілтипат білдіріп, оны Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері болып сайлануымен құттықтады. Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен болған келіссөздердің нәтижесіне тоқталды.

Мазмұнды әрі мағыналы кездесу болды. Біз екіжақты ықпалдастығымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея парламентінің өкілдеріне елімізде мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді.

1 шілде күні халқымыз жаппай қолдаған Конституция заңды күшіне енді. Бұл тарихи уақиға Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерісіне тың серпін береді деп ойлаймыз. Екі палаталы парламенттің орнына жаңа бір палаталы құрылым келді. Вице-Президент лауазымы пайда болды. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жасақталды. Оған қоса конституциялық мәртебесі бар бірегей консультативтік орган — Халық Кеңесі жұмысын бастады. Мақсатымыз — Әділетті, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құру, — деді Президент.

Еске сала кетейік, 15 қыркүйекте Сеулде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мён келіссөз жүргізді. Кездесу қорытындысында екі ел арасындағы қатынастарды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру туралы шешім қабылданғанын жазған едік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button