Басты жаңалықЖаңалықтар

«Бұл – ерекше естелік»: Тоқаев сыйлаған қолсағатын сатуға шығарған Анна Захарова айнып қалды

Бұған дейін ол сағатты тақпайтынын айтып, оны коллекционерлерге сатуды ойлаған

Қазақстандық тазы өсіруші Анна Захарова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыйға тартқан қолсағатын сатпауға шешім қабылдады. Ол сағаттың өзі үшін материалдық құндылықтан гөрі, Президентпен кездесуден қалған ерекше естелік екенін айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Анна Захарованың айтуынша, сағатты оған Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Наурыз мерекесі кезінде сыйлаған. Сол кездесуде тазы өсіруші Президентке бір жарым айлық тазы күшігін тарту еткен. Бұған жауап ретінде Мемлекет басшысы оған өз қолтаңбасы қойылған сағат сыйлаған.

Бұған дейін Захарова сағатты тақпайтынын айтып, оны коллекционерлерге сатуды ойлаған. Ол бұйымның болашақта құны артуы мүмкін екенін айтып, алдағы он жылда оның бағасы 30 миллион теңгеге дейін жетуі ықтимал деген болжам жасаған.

Алайда сағатты сататыны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарағаннан кейін, ол бұл шешімінен бас тартты.

Захарова өз шешімін түсіндіріп, сағатты алған сәттен бастап оны жай ғана бағалы бұйым ретінде емес, өміріндегі маңызды оқиғамен байланысты естелік ретінде қабылдағанын айтты.

Бұл жағдайға қатысты түсініктеме бергім келеді. Ең алдымен, бұл сыйлықтың мен үшін әрқашан ерекше құндылығы болғанын атап өткім келеді. Сағатты алған сәттен бастап оны жай ғана зат ретінде емес, Мемлекет басшысымен жеке кездесуден қалған маңызды әрі ерекше естелік сыйлық ретінде қабылдадым, – деді Анна Захарова.

Осылайша, қазақстандық тазы өсіруші Президенттен алған сағатын сатпай, естелік ретінде өзінде қалдыруға шешім қабылдады.

Еске салайық, бұған дейін Анна Захарова Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлаған сағатты 2 млн 899 мың теңгеге сатылымға қойған еді. Хабарландыруда бұйымның түпнұсқалығын растайтын тиісті құжаттары бар екені көрсетілген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button