Дәл осылай дедіСаясат

Тоқаев: БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы бейбітшілікті сақтай алмай отыр

Президенттің айтуынша, соңғы уақытта әлемдегі жағдай тұрақсыз сипат алып, түрлі дағдарыстар мен қақтығыстар көбейген

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі қазіргі геосаяси ахуалға алаңдаушылық білдіріп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Құрылтайдың алғашқы отырысында мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, соңғы уақытта әлемдегі жағдай тұрақсыз сипат алып, түрлі дағдарыстар мен қақтығыстар көбейген. Мұндай өзгерістерден ешбір мемлекет пен халық сырт қалмаған.

Тоқаев, әсіресе, мемлекеттер арасындағы өзара сенімнің әлсіреуін маңызды мәселе ретінде атады.

Мемлекеттердің, әсіресе, ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Бұл БҰҰ мен оның институттарының қызметіне зардабын тигізіп жатыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр, – деді Президент.

Оның сөзінше, қалыптасқан жағдайда өңірлік халықаралық ұйымдардың маңызы артып келеді.

Қазақстан «орта державалар» қатарында

Мемлекет басшысы әлемдік саясатта «орта державалар» деп аталатын мемлекеттердің ықпалы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан да осы санатқа жатады.

Тоқаев қазіргі әлемдегі тағы бір маңызды өзгеріс – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы екенін айтты.

Президент жаңа технологиялардың адамзатқа әкелетін өзгерістерінің ауқымы әлі толық түсінікті емес екенін жеткізді.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарыштап дамып жатыр. Бұл үдерістің түптің түбінде қайда апарып соғары беймәлім, тіпті қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пікір тудырады. Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол жақын болашақта жасанды интеллект құралдары ядролық қарудың орнын басуы мүмкін деген болжамдардың да айтылып жүргенін еске салды.

Президенттің пікірінше, әлемдегі геосаяси өзгерістер мен технологиялық дамудың қарқыны адамзаттың болашағына қатысты жаңа сын-қатерлер қалыптастырып отыр.

Тоқаев мұндай үдерістердің салдары келешек ұрпаққа тиіп кетуі мүмкін екенін айтып, қазіргі шешімдерге жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Президент Құрылтай төрағалығына Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынғанын жазған болатынбыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button