Халық Кеңесінің қашан жасақталатыны белгілі болды
Халық Кеңесінің құрамында Қазақстанның этникалық, аймақтық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси ерекшеліктері ескерілмек
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда қыркүйек айының екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталатынын айтты. Жаңа құрылым ел тарихындағы жоғары консультативтік орган ретінде жұмыс істейді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тоқаев: БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы бейбітшілікті сақтай алмай отыр
Халық Кеңесінің құрамында Қазақстанның этникалық, аймақтық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси ерекшеліктері ескерілмек. Сонымен қатар жаңа органның заңнамалық бастама көтеруге құқығы болады.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл құрылым елдегі реформалардың жүзеге асуына ықпал ететін маңызды институттардың біріне айналуы тиіс.
Қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институты жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Халық Кеңесін құру – Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту аясындағы өзгерістердің бірі. Оның нақты құрамы мен жұмыс тәртібі туралы қосымша мәліметтер кейін белгілі болады.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Құрылтай төрағалығына Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынған болатын.



