Қоғам

Қостанай облысында 15 жастағы өгей баласын өлтірген ер адам 23 жылға сотталды

Сот материалдарына сәйкес, ер адам үйіне туысын шақырып, бірге ішімдік ішкен. Қонағы кеткеннен кейін ерлі-зайыптының арасында жанжал туындаған

Қостанай облысының Жітіқара қаласында 15 жастағы өгей ұлын пышақтап өлтіріп, әйеліне шабуыл жасаған ер адам 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Жасөспірім анасына араша түспек болған кезде қаза тапқан, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Жанжал кезінде жасөспірім анасына ара түскен

Оқиға биыл сәуір айында болған. Сот материалдарына сәйкес, ер адам үйіне туысын шақырып, бірге ішімдік ішкен. Қонағы кеткеннен кейін ерлі-зайыптының арасында жанжал туындаған.

Ашуға булыққан ер адам пышақ алып, әйеліне шабуыл жасаған. Осы кезде оның айғайын естіген 15 жастағы ұлы бөлмеге жүгіріп келіп, анасына ара түсуге тырысқан.

Сотта анықталғандай, жасөспірім өгей әкесінің қолындағы пышақты қағып жібермек болған. Алайда ер адам баланың кеуде тұсына төрт рет пышақ сұққан.

Жасөспірім алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты.

Осыдан кейін сотталушы әйеліне қайта шабуыл жасауға әрекеттенген. Алайда әйелдің ағасы дер кезінде араласып, ер адамды қарусыздандырған.

Әйел бірнеше жерінен жарақат алғанымен, аман қалған.

Сот 23 жыл жаза тағайындады

Сот-психиатриялық сараптама ер адамның қылмыс жасаған кезде өз әрекетіне жауап бере алатын жағдайда болғанын көрсетті.

Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, марқұмның жақындарынан кешірім сұраған.

Мемлекеттік айыптаушы оған 22 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраса, марқұмның туыстары сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап еткен.

Сот нәтижесінде ер адам орташа қауіпсіздік мекемесінде 23 жыл жазасын өтеуге жіберілді.

Сонымен қатар сот моральдық зиянды өтеу жөніндегі талапты ішінара қанағаттандырды. Сотталған азамат марқұм баланың анасына 15 миллион теңге, әкесіне 5 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button