Тоғыз жасар қызды зорлаған: жеңіл жаза алған педофил өмір бойына қайта сотталды
Кассациялық соттар қылмыстық істер бойынша сотталғандардың жазасын қайта қарауда
Бас прокуратура қылмыстық істер бойынша кассациялық соттардың жұмысына талдау жасап, атқарылған жұмыс нәтижелері туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Қазақстанда қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қарау жүйесі 2025 жылғы 1 шілдеден бастап өзгерді. Президенттің тапсырмасымен іске қосылған кассациялық соттардың жұмысымен бірге қылмыстық істерді қайта қараудың жаңа тәртібі енгізілді.
«Жаппай кассация» жүйесі енгізілді
Реформа аясында «жаппай кассация» қағидаты қолданысқа енді. Соның нәтижесінде қылмыстық істерді судьялардың алдын ала қарауынсыз кассациялық тәртіппен қайта қарау мүмкіндігі пайда болды.
Бас прокуратура мәліметінше, тек негізсіз сотталған азаматтардың істері ғана емес, ауыр қылмыс жасағанына қарамастан тым жеңіл жаза алған адамдарға қатысты сот актілері де қайта қаралып жатыр.
Тоғыз жастағы қызға қатысты іс қайта қаралды
Прокуратура келтірген мысалдардың бірі – тоғыз жастағы қызға қатысты қылмыстық іс.
Азамат Ж. кәмелетке толмаған қызға қатысты азғындық әрекет жасады деген айыппен сотталған. Алайда Бас прокуратураның талабынан кейін кассациялық сот бұрынғы үкімнің күшін жойған.
Істі қайта қарау барысында баланың азғындық әрекетке емес, сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталған.
Осыған байланысты сотталған азаматқа қатысты жеңіл жаза жойылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Бас прокуратура Қазақстан заңнамасына сәйкес балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстары үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатынын атап өтті.



