Түркістан облысында балаларға жыныстық зорлық жасады деген күдікпен үш ер адам ұсталды
Адвокаттың айтуынша, бір отбасына 5 миллион теңге, екіншісіне 2 миллион теңге ұсынылған. Кейін ата-аналар күдіктілерді кешірген
Түркістан қаласы мен облыстың бірнеше ауданында кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық жасады деген күдікпен үш ер адам ұсталып, қамауға алынған. Бұл туралы адвокат Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Адвокаттың мәліметінше, Түркістан қаласында 61 жастағы ер адам 6 жастағы қызға жыныстық зорлық жасады деген күдікке ілінген. Ол қамауға алынған.
Сауран ауданында 53 жастағы азамат 7 жастағы қызға қатысты осындай қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған. Ал Шардара ауданында 31 жастағы ер адам 16 жастағы жасөспірімге жыныстық зорлық көрсетті деген күдікке ілінген.
Адвокат балалардың кейінгі тағдырына алаңдайды
Ләззат Рақышева қылмыстық іс аяқталғаннан кейін балалардың әрі қарайғы тағдырына алаңдайтынын жеткізді.
Адвокаттың айтуынша, бұған дейін Түркістан облысында жыныстық зорлықтан зардап шеккен екі баланың ата-анасы күдіктілерден ақша алып, қылмыстық істі жеңіл бапқа қайта саралауға келіскен жағдайлар болған.
Оның сөзінше, бір отбасына 5 миллион теңге, екіншісіне 2 миллион теңге ұсынылған. Кейін ата-аналар күдіктілерді кешірген.
Балаларға ұзақ мерзімді көмек қажет
Адвокат мұндай жағдайларда басты назар баланың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына аударылуы керек екенін атап өтті.
Оның пікірінше, жыныстық зорлықтан зардап шеккен балаларға көмек тек тергеу кезеңінде ғана емес, қылмыстық іс аяқталғаннан кейін де көрсетілуі қажет.
Ләззат Рақышева балалардың психологиялық жарақатын жеңілдету үшін кәсіби мамандардың ұзақ мерзімді қолдауы маңызды екенін айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысында 14 жастағы жасөспірімді екі жыл бойы жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыратты деген күдікпен хоккей жаттықтырушысы мен оның танысы қамауға алынғанын жазған болатынбыз.



