Қызылордада жаттықтырушы 14 жастағы қызды екі жыл бойы зорлаған деген күдікке ілінді
Жәбірленушінің айтуынша, сол кезде жаттықтырушысы оған жартылай ішілген шай берген
Қызылорда облысында 14 жастағы жасөспірімді екі жыл бойы жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыратты деген күдікпен хоккей жаттықтырушысы мен оның танысы қамауға алынды. Жәбірленушінің айтуынша, жаттықтырушы оны ұйықтататын дәрі арқылы есінен тандырып, кейін қорқытып, басқа ер адамдарға ақшаға берген, деп хабарлайды NewsMedia.kz “Еуразия” телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға 2024 жылы болған. Сол кезде 14 жастағы қыз Талдықорғанда өткен көгалдағы хоккей жарысына барған. Жарыс алдында бірге барған қыздар қаланы аралап кеткенде, жасөспірім пәтерде жалғыз қалған.
Жәбірленушінің айтуынша, сол кезде жаттықтырушысы оған жартылай ішілген шай берген. Қыз шайды ішкеннен кейін не болғанын есіне түсіре алмаған. Таңертең оянғанда, денесінен қан көріп, жаттықтырушысының жанында жатқанын байқаған.
«Ас үйде телефон қарап отырған кезімде жаттықтырушым маған жартылай ішілген шай әкеліп берді. Ойымда ешқандай арам нәрсе жоқ, сол шайды іштім. Әрі қарай есімді білмеймін. Ұйықтап қалғанымды, қай жерде жатқанымды, еш нәрсені білмеймін. Таңғы сағат 5-6 шамасында оянған кезде төменгі іш киімімнің барлығы қан болып тұрды. Жаттықтырушымның қасымда жатқанын көріп, шошып кеттім», – дейді жәбірленуші.
Қыздың сөзінше, осыдан кейін күдікті оны ұялы телефонға түсіріп алғанын айтып, болған жағдайды біреуге айтса, интимдік видеоны ата-анасына көрсетемін деп қорқытқан.
Жәбірленуші мұндай қысымның екі жыл бойы жалғасқанын айтқан. Оның сөзінше, 38 жастағы жаттықтырушы қорқыту арқылы оны үндемеуге мәжбүрлеп, кейін басқа ер адамдарға да берген.
Қорлыққа шыдамаған жасөспірім екі жылдан кейін болған жағдайды жақындарына айтқан. Осыдан кейін қыздың туыстары күдіктімен кездескен.
Алайда оқиғаға байланысты қыздың ағасы қазір қамауда, ал анасы үй қамауында отыр. Жәбірленушінің әпкесі олардың бұл әрекетін қыздың басынан өткен жағдайды білгеннен кейінгі эмоциялық реакция деп түсіндірген.
«Анама, ініме іс қозғағанды дұрыс деп санамаймын. Өйткені өз қызының кім тарапынан зорланғанын білген кезде, олай бейжай қарап тұрады дейсіздер ме? Біздің орнымызда басқа адам болса, оларды тұрған жерінде өлтіріп тастар еді. Ал біз оған мүмкіндік бердік. Бұл қаладан жоқ болып кет деп талап қойдық және олардан еш нәрсе сұраған жоқпыз», – дейді жәбірленушінің әпкесі.
Қылмыстың ауырлығына байланысты істі аудандық емес, облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері тергеп жатыр. Тергеу барысында жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысы бар деген күдікпен хоккей жаттықтырушысы мен оның танысы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.
Қызылорда облыстық Тергеу басқармасының бастығы Бауыржан Сәулебековтің айтуынша, қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған. Қазір күдіктілер іс материалдарымен танысып жатыр.
«Екі күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталып, қатысушылар іс материалдарымен танысуда. Істің тергелу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпараттар жария етілмейді», – деді Бауыржан Сәулебеков.
Жәбірленушінің туыстары тергеудің тез арада аяқталып, қылмыстық істің сотқа жолдануын талап етіп отыр.



