Қазақстан елеулі саяси трансформация кезеңіне қадам басты – Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев
Бизнес-маусым аяқталуға жақын, ал ҚР Парламенті үшін тек сессия ғана емес, кезекті шақырылымның да мерзімі аяқталуда
Бизнес-маусым аяқталуға жақын, ал ҚР Парламенті үшін тек сессия ғана емес, кезекті шақырылымның да мерзімі аяқталуда. Сонымен қатар елдің басты заң шығарушы органының жұмыс форматы өзгеруде. Осыған байланысты еліміздің саяси алаңының болашағы туралы мәселе ерекше өзектілікке ие болып отыр. Ал бизнес пен қоғам үшін нақты не атқарылғанын және алдағы уақытта не күтуге болатынын түсіну маңызды.
Біз 8-шақырылым депутаттарының соңғы үш жылда немен айналысқанын және ел экономикасын қандай перспективалар күтіп тұрғанын білу үшін ҚР Мәжілісінің депутаты Руслан Кожасбаевпен сұхбаттастық.
– Руслан Садуақасұлы, ҚР Мәжілісіндегі жұмысыңыздың аяқталуына қандай оймен келіп отырсыз? Болашақ заң шығарушы органның жұмысы қандай болады деп ойлайсыз? Реформаның негізгі идеясы неде?
Әрине, атқарылған жұмысқа талдау жасалады: не істелді, нені одан да жақсырақ жасауға болар еді. Талдау – дамуға бастайтын жол.
Құрылтайға келсек, мұндай реформа саяси ерік-жігерді талап етеді және бұл жай ғана «атауды өзгерту» емес. Бұл – заң шығару жүйесінің неғұрлым икемді архитектурасын іздеу. Қазақстан үшін әлемнің, технологиялардың қарқынды дамуына және өзгеріп жатқан парадигмаларға бейімделу өте маңызды. Мемлекет басшысы – өте тәжірибелі саясаткер. Ол бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі күннің де көкжиегін көре алады, жаһандық өзгерістердің мән-мәтінін ескереді. Сондықтан еліміздің саяси аренасында жүріп жатқан қазіргі үдерістер бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да сұранысына жауап береді.
Қазір екі маңызды нәрсені түсіну қажет. Біріншіден, мемлекетке Президенттің бағыты төңірегінде бірігу керек. Екіншіден, елге кәсіби мамандар қажет.
Менің ойымша, бірігу экономиканы қарқынды реформалау және белгіленген бағытты жүзеге асыру үшін қажет. Реформаларды дәйекті түрде жүргізіп, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Қоғам, мемлекеттік институттар, бизнес және сарапшылар қауымдастығы бір мақсатта жұмыс істеген кезде, өзгерістер әлдеқайда жоғары нәтиже береді.
Қазіргі әлем халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілік басым бағыттарға жеткілікті ресурстарды шоғырландыру арқылы қамтамасыз етілетінін дәлелдеді. Мысалы, Қытайдың электромобильдерді әлемдік нарыққа шығару табысының артында ғылым мен технологияға салынған көпжылдық мемлекеттік инвестициялар тұр. Осындай жағдайлар олардың өнімдерінің аса бәсекелі автомобиль нарығында өз орнын табуына мүмкіндік берді.
Ал кәсібилік туралы айтатын болсақ, халықтың сапасы мен құзыреттері – елімізге аса қажет капитал. Табысты мемлекеттерге қарасақ, олардың барлығын біріктіретін нәрсе – адамдардың жоғары деңгейдегі біліктілігі. Дұрыс бағдарламалар мен жақсы ниет жеткіліксіз, нақты нәтижеге қол жеткізе алатын тәжірибелі мамандар қажет. Сондықтан Құрылтай әртүрлі құзыреттері мен практикалық тәжірибесі бар кәсіби кадрларды шоғырландыратын маңызды алаңға айналады деп сенемін.
– Мәжілістің 8-ші шақырылымының жұмысы сарапшылар қауымдастығында көбіне экономикалық бағытқа басымдық берген кезең ретінде сипатталады. Сіз Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі ретінде еліміздің экономикасына тікелей әсер ететін заң шығару процесінің бел ортасында жүрдіңіз. Өзіңіз қатысқан бастамалардың ішінде Қазақстандағы бизнес жүргізу жағдайына айтарлықтай ықпал ететін қандай жобаларды атап өтер едіңіз?
Жұмысымызға осындай жоғары баға бергеніңіз үшін рақмет. Шынында да, біздің шақырылымның жұмысы көбіне экономиканы дамытуға ықпал ететін нормаларды қабылдауға бағытталды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде біз елдегі экономикалық ахуалға тікелей немесе жанама әсер ететін жүздеген құжаттарды қарастырдық.
Соңғы үш жыл ішінде мен жеке өзім 30-дан астам заң жобасын әзірлеуге қатыстым, шамамен 500 түзету енгізуге бастамашы болдым және бірнеше заң бойынша жұмыс топтарына жетекшілік ету мүмкіндігіне ие болдым. Біз әріптестерімізбен бірге нақты практикалық мәселелерді шешуге басымдық бердік.
Мысалы, инвестициялық жобалар үшін жер учаскелерін беру мәселесін алайық. Бизнесте және облыс әкімдігінде жұмыс істеген тәжірибемнен инвестиция тартуға кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі әлі де болса бюрократия екенін жақсы білемін.
Жер учаскесін алу үшін инвестициялық жоба мәртебесі қажет, ал мұндай мәртебеге қол жеткізу оңай емес. Мемлекеттік аппараттағы жеделдіктің жеткіліксіздігінен инвесторлар айлар бойы түрлі мекемелердің табалдырығын тоздыруға мәжбүр болды.
Өлі нүктеден қозғалу қажет болды. Алдымен депутаттық сауал жолдап, кейін бір жыл бойы орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен жүйелі түрде жұмыс жүргіздік. Өзгерістердің қажеттілігін дәлелдеуге тұтас бір жыл кетті. Нәтижесінде, 2024 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Инвестициялық жобаларды айқындау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрықты тіркеді. Құжатта бизнес жүргізуді жеңілдететін бірнеше маңызды жаңашылдық қарастырылған, соның ішінде:
Біріншіден, инвестиция көлеміне қойылатын талап төмендетілді. Бұрын жобаны инвестициялық деп тану үшін ең төменгі инвестиция көлемі 2 млн АЕК болса, енді ол 150 мың АЕК-ке дейін қысқарды. Бұл шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау мен жер учаскелерін алуға жол ашады.
Екіншіден, өңірлік үйлестіру кеңестерінің жер учаскелерін келісу рәсімі нақты регламенттелді. Бұл мерзімдердің негізсіз созылуын азайтады.
Бұл ақпарат әлеуетті инвесторларды қызықтыратынына сенімдімін. Жер бөлу тетігінің жаңартылған жүйесі өңірлердегі іскерлік белсенділікті арттырудың қуатты құралына айналды. Ал бизнестің белсенділігі экономикалық өсім мен қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруына негіз болады.
– Қызықты түзетулер екен. Ал көп талқыланған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға келсек, кәсіпкерлер үшін қандай түбегейлі жаңалықтар енгізілді? Бұл заң экономика жұмысына қалай әсер етеді?
Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңға 2025 жылы қол қойылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл құжат рәсімдердің шамадан тыс созылуын, негізсіз шағымдардың көптігін жойып, жүйенің ашықтығын арттыруға тиіс болды. Біз дәл осы бағытта жұмыс істедік.
Жұмыс тобының жетекшісі ретінде мемлекеттік сатып алу саласында бедел мен адалдық нақты бәсекелестік активке айналатынын атап өткім келеді. Бұл өте маңызды.
Нақты фактілерге тоқталайық. Біріншіден, рәсімдерді өткізу мерзімдері түбегейлі қысқартылды. Бұрын конкурстар кем дегенде 60 күнге созылатын болса, енді тауарлар мен қызметтер бойынша қарапайым конкурс 10 жұмыс күні ішінде өткізіледі. Ал құрылыс саласында жеңімпаз орта есеппен небәрі 5 жұмыс күнінде автоматты түрде анықталады. Бұл рейтингтік-балдық жүйенің және жасанды интеллект элементтерінің енгізілуінің арқасында мүмкін болды. Жасанды интеллект жұмыс тәжірибесін, қаржылық тұрақтылықты, аумақтық белгіні және беделді автоматты түрде бағалайды.
Екіншіден, заң отандық компанияларға бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер қарастырды. Атап айтқанда, шарт сомасының 50 пайызы көлемінде міндетті аванс төлеу енгізілді. Сонымен қатар, қазақстандық кәсіпкерлер банктік кепілдіктер ұсынудан босатылды, келісімшарт жасасуда басымдыққа ие болды және айыппұлдарға қатысты жеңілдетілген шарттар қарастырылды. Мемлекеттік сатып алу қазақстандық бизнесті дамытудың құралына айналуы тиіс және бұл үшін барлық қажетті жағдай жасалды.
Үшіншіден, заң адал емес қатысушыларға қатаң тосқауыл қояды. Жалған компанияларды анықтау үшін жұмыс тәжірибесін тексеру талаптары күшейтілді. Енді соңғы бес жыл ішінде кемінде бір рет Жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген компания жаңа өтінім берген кезде автоматты түрде 0,2 пайыздық баллынан айырылады. Бұл олардың адал кәсіпкерлермен тең дәрежеде бәсекелесу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді.
Шағымданудың жаңа тәртібі енгізілді. Мемлекеттік сатып алуға қатысатын тәжірибелі кәсіпкерлер шағым беру арқылы сатып алу рәсімін тоқтатуға болатынын жақсы біледі. Алайда енді мұндай мүмкіндік жоқ, және жаңа норма енгізілгеннен кейін негізсіз шағымдардың саны 23%-ға азайды.
Тек екі көрсеткішті келтірейін: отандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттардың саны 16%-ға артты, ал олардың жалпы сомасы 23%-ға өсті. Нәтижесінде отандық өндірушілерден сатып алу көлемі 456 млрд теңгеге жетті. Ең бастысы, бұл өзгерістер өңірлік экономикаға нақты серпін беруде. Өйткені аумақтық белгі бойынша жергілікті салық төлеушілерге басымдық берілді. Мұны нақты мысалдардан көруге болады. Ақмола облысында құны 1,8 миллиард теңге болатын спорт кешенінің құрылысына мердігер небәрі 6 жұмыс күнінде анықталды. Жеңімпаз Көкшетау қаласындағы өңірлік компания болды. Ал Ұлытау облысында құны 1,1 миллиард теңге болатын мектеп құрылысының мердігері 5 жұмыс күнінде анықталып, бұл жобаны да жергілікті компания жүзеге асыратын болды.
Депутаттық корпус, Үкімет пен бизнес қауымдастықтың бірлескен жұмысының оң нәтижесі алдағы уақытта да ел экономикасының дамуына қызмет етеді деп сенемін.
– Сіз экспорттық-кредиттік агенттік бойынша жұмыс тобын басқардыңыз. Сіздің пікіріңізді білгіміз келген: алдағы 5–10 жылда шикізаттық емес экспорттың негізгі драйверлеріне қандай салалар айналуы мүмкін? Қазақстанның әлемдік саудадағы өз орнын нығайтуы үшін не қажет деп ойлайсыз?
Бұл заң жобасы бойынша біздің алдымызда нақты міндет тұрды – Қазақстанның әлемдік нарықтардағы экономикалық мүдделерін қорғайтын қуатты институт құру. Мемлекет басшысы оны «KazakhExport» АҚ базасында қалыптастыру жөнінде тапсырма берді. Негізгі мақсат – халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, шикізаттық емес экспортты қолдаудың негізгі құралдарын бір орталыққа шоғырландыру болды. Бұл ретте Қытайдағы Sinosure, Кореядағы K-Sure, Германиядағы Euler Hermes және басқа да экспорттық-кредиттік агенттіктердің тәжірибесі негізге алынды.
Реформа аясында экспорт алдындағы қаржыландыру және халықаралық тендерлерге қатысуға кепілдіктер беру тетіктері енгізілді. Нәтижесінде агроөнеркәсіптік және химия салаларындағы жалпы құны 140 млрд теңгені құрайтын 7 ірі жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, агенттікті халықаралық қаржылық стандарттарға интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.
Екі жылдық жұмыс қорытындысы бойынша агенттіктің сақтандыру сыйымдылығы 950 млрд теңгеге жетті, ал экспорттаушыларға көрсетілген қолдау көлемі екі есеге жуық өсіп, 650 млрд теңгеден асты.
Шикізаттық емес экспорттың болашағына келетін болсақ, менің ойымша, нақты әлеуетке ие бірнеше бағыт бар. Олар – металлургия, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, цифрлық қызметтер мен контент, сондай-ақ машина жасау саласы. Әр саланың өз нарығы мен бәсекелік артықшылықтары бар. Алдағы уақытта еліміз экспорт көлемін де, өнімнің қосылған құнын да едәуір арттыра алады деп сенемін.
– Туристік агенттіктердің онлайн-сервистермен тең емес бәсекелестік жағдайына тап болғаны қоғамда кеңінен талқыланған еді. Қазіргі таңда бұл мәселенің ахуалы қандай? Жалпы, туристік бизнестің болашақтағы дамуын қалай бағалайсыз?
Иә, бұл мәселе маған бұрыннан пісіп-жетіліп келе жатқан түйткіл ретінде көтерілді. Жағдай тұтас бір саланы қамтитындықтан, қоғамда белгілі бір резонанс тудырды. Бүгінде туризм саласы банк жүйесі, сауда және көлік салалары бұған дейін бастан өткерген цифрлық трансформация кезеңін бастан кешіруде. Сондықтан дәстүрлі туристік агенттіктер мен цифрлық платформалар арасындағы бәсекелестік – қалыпты нарықтық үдеріс.
Турагенттіктер мен туроператорлар туристердің құқықтарын қорғап, оларға қызмет көрсетіп, жауапкершілік жүктейді. Ал ірі цифрлық платформалар өз экожүйелерінің ауқымының арқасында клиенттік деректерге қол жеткізіп, жеке жарнама арналарына ие. Клиентке тікелей қолжетімділік олардың баға саясатын айқындауына және қызмет көрсетушілерге, яғни турагенттіктер мен туроператорларға өз шарттарын қоюына мүмкіндік береді. Негізгі қайшылық та осыдан туындайды.
Меніңше, мәселе тек турагенттіктер мен платформалар арасындағы дауда емес. Бұл жалпы бәсекелестіктің болашағына қатысты мәселе. Мемлекет технологиялармен күреспеуі және цифрландыруды шектемеуі керек, алайда нарықтың барлық қатысушылары үшін тең бәсекелестік жағдайын қамтамасыз етуге міндетті.
Технологиялардың дамуы реттеуден озып жүруі – қалыпты құбылыс. Ерте кезеңдегі қатаң реттеу көбіне технологиялардың дамуын тежейді. Мұны бүгінде Еуропада жасанды интеллект саласының дамуынан да байқауға болады. Қазақстанда әзірге цифрлық сервистерге қатысты бірқатар мәселелер туризм туралы заңнама, электрондық коммерция, бәсекелестікті қорғау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау салаларының арасындағы «сұр аймақта» қалып отыр.
Саланың болашағын мен дәстүрлі және цифрлық бизнестің қарсы тұруынан емес, олардың өзара ықпалдасуынан көремін. Болашақтың турагенті – кәсіби кеңесші. Ол күрделі маршруттарды әзірлейді, клиентке жан-жақты қолдау көрсетеді және ақпараттың орасан көп көлемінде дұрыс бағдар табуға көмектеседі. Ал цифрлық платформалар туристік қызметтерді ілгерілетудің тиімді құралына айнала алады.
– Сіз Алматы облысының әкімдігінде, кейін Жетісу өңірінде шамамен 5 жыл қызмет атқардыңыз. Бұл – Қазақстанның ең көрікті аймақтарының бірі. Сол өңірлердегі туризмнің қазіргі жағдайы қалай? Ішкі туризмді Жетісуда және еліміздің басқа да өңірлерінде дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылды және алдағы уақытта тағы қандай қадамдар жасау қажет деп санайсыз?
Жетісу – менің туған өлкем және Қазақстандағы туризмді дамытуға ең үлкен әлеуеті бар өңірлердің бірі. Мұнда Алакөл, Балқаш, Жоңғар Алатауы, ұлттық парктер, шатқалдар, тарихи-мәдени нысандар сияқты бірегей табиғи ресурстар шоғырланған.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бірқатар туристік нысандарға апаратын жолдар салынды, инженерлік инфрақұрылым дамытылуда, курорттық аймақтар жаңғыртылуда, орналастыру орындарының саны артып келеді. Бұл – жоққа шығаруға болмайтын нақты нәтижелер.
Алайда, ашық айтатын болсақ, өңірлеріміздің туристік әлеуеті мен туризмнің нақты даму деңгейі арасында әлі де елеулі алшақтық бар. Біз әлі күнге дейін жетістікті туристік экономиканың сапасымен емес, салынған нысандардың санымен өлшейміз. Жол, визит-орталық немесе абаттандыру жұмыстары өздігінен туристік ағын қалыптастырмайды. Турист өңірге әсер, эмоция және сапалы қызмет үшін келеді. Ал жоғары деңгейде қызмет көрсететін туроператорлар мен компаниялар әзірге санаулы ғана. Сондықтан олардың дамуына ынталандыру тетіктерін, мысалы, айналым капиталын толықтыруға арналған қолжетімді несиелік өнімдерді енгізу қажет.
Көп жағдайда инфрақұрылымдық жобалар белгілі бір аумақтың бес, он немесе жиырма жылдан кейін қалай жұмыс істейтіні туралы нақты түсінік қалыптаспай тұрып жүзеге асырылады. Туристік ағындарды талдау, экологиялық жүктемені бағалау және қабылданатын шешімдердің экономикалық тиімділігін саралау секілді кешенді ғылыми тәсілдер әрдайым жеткілікті деңгейде қолданылмайды.
Туризмді дамытудың келесі кезеңі туристік дестинацияларды кәсіби басқаруға көшу болуы тиіс. Туризмді дамыту табиғатты және мәдени мұраны сақтаумен тығыз байланысты болуы керек. Егер қысқа мерзімді нәтижеге ұмтыламыз деп, туристі өңірге тартатын басты құндылықтарды жоғалтып алсақ, онда кез келген инвестицияның мәні болмайды.
Мен туристік инфрақұрылымды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы дамытуда үлкен мүмкіндік көремін. Мемлекет базалық жағдайларды жасап беруі керек, ал бизнес қызмет көрсету сапасына және жаңа туристік өнімдерді дамытуға инвестиция салуы қажет.
– Маусым айының басында Мәжіліс телекоммуникациялар мәселелері жөніндегі заң жобасын қарады. Бұл құжат байланыс сапасы мәселесін көтереді. Жұмыс тобының жетекшісі ретінде айтып берсеңіз, елімізде ұялы байланыс тарифтеріне қатысты жағдай қалай? Телекоммуникация нарығының дамуын қалай бағалайсыз? Неліктен қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздік әлі күнге дейін өзекті мәселе болып қалып отыр?
Бұл тақырып көпшілікті толғандырады деп ойлаймын. Желілерге түсетін жүктеме жыл сайын орта есеппен 18%-ға артып келеді. Байланыс тұрақты болуы үшін операторлар 2 жыл ішінде инфрақұрылымға 770 млрд теңге көлемінде қомақты инвестиция салды. Бұдан бөлек, операциялық шығындар да өсуде — электр энергиясының, базалық станцияларға арналған алаңдарды жалға алу құнының қымбаттауы әсер етуде. Сондықтан тарифтердің белгілі бір деңгейде өсуі байқалады.
Ашықтықты қамтамасыз ету үшін біз операторларды жыл сайын қаржылық есептілікті жариялауға міндеттейтін түзетулер қабылдадық. Бұл монополияға қарсы органға тарифтердің негізділігін қатаң қадағалауға, ал Цифрлық даму министрлігіне байланыс сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Депутаттық корпус заң жобасымен жұмыс істеу барысында 140-тан астам түзету енгізді. Олар пайдаланушыларға не береді? Бірнеше мысал келтірейін. Әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар мобильді қосымшаларға (eGov, eOtinish және т.б.) тәулік бойы және тегін қол жеткізу қамтамасыз етіледі. Жер учаскелерін бөлуді келісу рәсімдерін жеңілдету арқылы жаңа байланыс құрылыстарының құрылысы жеделдейді, яғни сапалы байланыс жаңа аумақтарға да жетеді.
Қазақстанның аумағы үлкен, ал халық тығыздығы төмен. Шалғайдағы ауылдарда желі салу операторлар үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бұл мәселені шешу үшін «соңғы мильді» субсидиялау қарастырылады — байланыс 1123 ауылға жетіп, шамамен 2,3 млн адамды интернетпен қамтамасыз етеді. Тағы бір шара — спутниктік арналар: ең шағын және шалғай ауылдар үшін KazSat ресурстары пайдаланылады. 2026 жылдың басына қарай 329 шағын ауыл қосылды, ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 31 елді мекен қамтылады.
– Ауыл мәселесін қозғаған екенбіз, онда агроөнеркәсіптік кешен тақырыбына да тоқталайық. Сіз депутаттық сауалыңызда көтерген жеңілдетілген несиелеу мәселесіне қатысты жағдай өзгерді ме?
АӨК-ті дамыту – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі деп есептеймін. Өйткені бізде халықтың жартысына жуығы ауылда тұрады, демек олардың әл-ауқаты тікелей агробизнестің жағдайына байланысты. Қазақстанда шетелдіктердің жерді жалға алу мүмкіндігі жоқ болғандықтан, АӨК-ке сырттан келетін инвестиция ағыны шектеулі. Сол себепті мемлекеттік қолдау шаралары арқылы инвестиция тарту мен саланың дамуын ынталандыру өте маңызды. Атап айтқанда, менің сауалымда жеңілдікті мөлшерлемемен берілетін «ұзақ мерзімді» несиелер туралы сөз болды, олар дәл осы инвестициялық мақсаттарға бағытталады.
Бүгінгі таңда агросектордағы айналым қаражаты мәселесі шешілді деуге болады: фермерлер несиені 5%-бен алады, ал оның қайтарымдылығы 99%-ға жуық. Бірақ қолжетімді пайызбен инвестициялық мақсаттарға берілетін несиенің тапшылығы – әлі де өзекті мәселе. Ауыл шаруашылығы министрлігінде өнеркәсіптік нысандарға арналған мақсатты несиелендіру бағдарламалары бар. Олар арқылы тауарлы-сүт фермалары (ТСФ) мен құс фабрикалары несиелендіріледі, бірақ бұл бағдарламалар бойынша бюджеттен қаржыландыру жеткіліксіз, қаражат жетпей жатыр.
Меніңше, бұл мәселені жүйелі түрде шешіп, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудың орнына, кең ауқымды әрі мақсаты көп өнім жасау керек. Сыйақы мөлшерлемесі 8-10% болсын, бірақ бұл коммерциялық негіздегі қазіргі 25-26%-дан әлдеқайда тиімді. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр және әлі де өзектілігін жойған жоқ.
Осыдан бірнеше күн бұрын ғана мен тағы бір жүйелі мәселені – мемлекеттік қолдаудың тұрақтылығын көтердім. Бұл фермерлер уәде етілген төлемдерді жылдап күтетін субсидиялау бойынша «күту парақтары» (листы ожидания) туралы болып отыр. Мұндай бұлыңғыр үміттерді бизнес-жоспарлау кезінде есепке алмаған жөн. Одан да қолыңда қаражат болмаса, уәде бермеген дұрыс.
Өз депутаттық сауалымда мен мынадай мәселе қойдым: «күту парағы» құралынан бас тартып, сонымен бірге өтінімдерді бекітілген бюджеттік лимиттер шегінде ғана қабылдау принципіне қайта оралуды және қалыптасқан қарызды кестеге сай өтеу мүмкіндігін қарастыру қажет. Сондай-ақ сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы бойынша бұрын алынған қарыздарды қайта қаржыландыруды (рефинансациялауды) ұсындым.
Техниканы мысалға алайық: сіз комбайнды 24-26% коммерциялық мөлшерлемемен лизингке алдыңыз және мемлекет оны 6%-ға дейін субсидиялайды деп үміттендіңіз, бірақ қаражат болмаған кезде толық мөлшерлемені өзіңіз төлейсіз. Ал қазір шарттар өзгерді, техниканы бірден 5%-бен алуға болады. Сондықтан жаңа талаптарды ескере отырып, бұрынғы қарыздарды төменірек пайыздық мөлшерлемеге қайта қаржыландыруға әбден болады.
– Руслан Садуақасұлы, экономика үшін маңызды бастамалар туралы жан-жақты әңгімеңізге рақмет. Сұхбатымызды қорытындылай келе, алдағы кезеңге қатысты саяси амбицияларыңыз немесе негізгі мақсаттарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
Мен өмірде бір қағиданы ұстанамын: кәсіби маман болуға ұмтылу және жинақтаған білім мен тәжірибені қоғамның, экономикамыздың, туған өлкемнің және тұтас еліміздің игілігіне пайдалану. Өмір жолымда кәсіпкер болуға, бизнес басқаруға, мемлекеттік қызметте еңбек етуге және депутат болып сайлануға мүмкіндік алдым. Осы мүмкіндіктердің бәрі үшін ризамын әрі өз еңбегімнің нәтижесін көріп отырғаныма қуаныштымын.
Елімізді алда саяси трансформациялардың қызықты әрі мазмұнды кезеңі күтіп тұр. Мен бұл үдерістерге белсенді қатысамын деп ойлаймын және кәсіби құзыреттерімнің пайдасы тиеді деп сенемін.
Қазір партиялардың болашағына қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бұрынғы да, жаңа да шешімдерге байланысты белгілі бір сын-пікірлер бар. Алайда мен табиғатымнан оптимиспін. Біздің көз алдымызда болып жатқан тарихи үдерістердің нәтижесінде қарқынды дамитын әрі тұрақты мемлекет қалыптасатынына сенемін. Мемлекет басшысының шешімдерінің логикасына назар аударсақ, олардың барлығы жаңа мүмкіндіктерді, жаңа тартылыс орталықтарын және жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға бағытталған. Құрылыс саласының тілімен айтсақ, ғимаратта тірек конструкциялар неғұрлым көп болса, ол сыртқы жүктемелер мен ішкі қысымға соғұрлым төзімді болады.
Фото: Парламент Мәжілісі