Бірлік – мемлекеттіліктің тірегі
Ол тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуымен бірге дамып, қоғамдық тұрақтылықтан азаматтық тұтастыққа, этносаралық келісімнен ұлттық бірлікке дейін эволюцияланған стратегиялық құндылық
Қазақстан үшін бірлік – мерекелік ұран немесе белгілі бір тарихи кезеңге ғана тән саяси түсінік емес. Ол тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуымен бірге дамып, қоғамдық тұрақтылықтан азаматтық тұтастыққа, этносаралық келісімнен ұлттық бірлікке дейін эволюцияланған стратегиялық құндылық. Сондықтан Қазақстан халқының бірлігі туралы сөз болғанда, мәселені тек этностар арасындағы татулықпен шектеу жеткіліксіз. Оның негізінде ортақ тарихи тағдыр, азаматтық жауапкершілік, мемлекеттік тұтастық, қоғамдық сенім және ел болашағына деген ортақ мүдде жатыр.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамдық тұрақтылықты сақтау мен этносаралық қайшылықтардың алдын алу басым міндет болды. Кеңестік жүйе ыдырап, экономикалық байланыстар өзгеріп, мемлекеттік институттар жаңадан қалыптасқан жағдайда көпэтносты Қазақстан үшін азаматтардың теңдігін қамтамасыз ету, олардың мәдени және тілдік ерекшеліктерін сақтауға жағдай жасау аса маңызды еді. 1995 жылдан бастап осы бағыттағы құқықтық және институционалдық негіз қалыптасты. Конституциялық қағидаттар азаматтардың этникалық, тілдік және діни ерекшеліктеріне қарамастан теңдігін бекітсе, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналды.
Ассамблеяның алғашқы сессиялары сол кезеңдегі қоғамдық-саяси ахуалды айқын көрсетті. 1995 жылғы алғашқы сессияда қазақ мемлекеттілігін жаңғырту, этносаралық қатынастар, қоғамдық тұрақтылық пен келісім мәселелері көтерілді. Кейін күн тәртібі экономикалық реформалар, тарихи жады, әлеуметтік және рухани даму, ұлттық бірлік мәселелерімен толықты. Яғни ұлттық саясат біртіндеп «әртүрлі этностардың бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ету» міндетінен біртұтас азаматтық қоғам қалыптастыруға қарай ойысты.
1997 жылғы «Қазақстан – 2030» стратегиясында ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның бірлігі мемлекеттің ұзақ мерзімді басымдықтарының қатарына енді. Осы кезден бастап бірлік этносаралық қатынастардың көрсеткіші ғана емес, экономикалық реформаларды жүзеге асырудың, мемлекеттілікті нығайтудың және ұзақ мерзімді дамудың маңызды шарты ретінде қарастырыла бастады.
Келесі кезеңде қоғамдық келісім моделінің институционалдық негіздері тереңдеді. 2002 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының IX сессиясында оны дамыту стратегиясы ұсынылып, 2003 жылғы X сессияда қазақстандық этносаралық келісім моделі таныстырылды. Этномәдени бірлестіктердің де қоғамдық рөлі күшейді. Алғашында белгілі бір этностың тілін, дәстүрін және мәдениетін сақтауға бағытталған ұлттық-мәдени орталықтар кейін этномәдени бірлестіктерге айналып, қоғамдық келісім жүйесінің маңызды бөлігі болды.
Осы жерде Қазақстанның ұлттық саясаты үшін маңызды қағида қалыптасты: мәдени ерекшелікті сақтау мен азаматтық тұтастық бір-біріне қарсы қойылмауға тиіс. Әр азамат өзінің тілін, дәстүрі мен мәдени мұрасын сақтай отырып, өзін ортақ мемлекеттің ажырамас бөлігі ретінде сезінуі қажет.
2009 жыл бұл эволюциядағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында ұлттық бірлік елдің стратегиялық таңдауы ретінде айқындалды. Ұлттық бірлік доктринасы аясында азаматтық бірегейлік, патриотизм, мемлекеттік тіл, этносаралық және конфессияаралық келісім біртұтас құндылықтар жүйесі ретінде қарастырыла бастады.
Ұлттық саясатта қолданылған ұғымдардың өзгеруінің өзінде осы эволюцияның логикасы көрінеді. Алғашқы кезеңде негізгі ұғым – толеранттылық болса, кейін қоғамдық келісім, азаматтық бірегейлік және ұлттық бірлік алдыңғы қатарға шықты. Бұл саяси лексиканың жай ауысуы емес, қоғамның даму деңгейіндегі өзгерістің көрінісі.
Толеранттылық – өзгенің ерекшелігін қабылдау. Келісім – ортақ мәмілеге келу. Ал бірлік – ортақ тарихи тағдырды, құндылықтарды және ел болашағына деген жауапкершілікті сезіну. Сондықтан бірлік келісімнен терең ұғым: ол қоғамның өзін тұтас азаматтық қауымдастық ретінде қабылдауын білдіреді. Бұл жағдайда этникалық, өңірлік немесе әлеуметтік айырмашылықтар жойылмайды, ортақ қоғамдық кеңістіктің құрамына енеді.
2013 жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясына қарай қоғамдық келісім саясатының мазмұны тағы да кеңейді. Этносаралық қатынастармен қатар жастар тәрбиесі, мемлекеттік тіл, білім, әлеуметтік жобалар, азаматтық қоғам мен қоғамдық жаңғыру мәселелері маңызды орын ала бастады. Бұл бірліктің тек этносаралық қатынастарға тәуелді емес екенін көрсетті. Қоғамның тұтастығына әлеуметтік әділеттілік, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімі, өңірлердің даму деңгейі, жастардың болашаққа көзқарасы және ортақ құндылықтар жүйесі де тікелей әсер етеді.
2019 жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясына қарай этносаралық және конфессияаралық теңдіктің құқықтық негіздері орнығып, қоғамдық келісімді қамтамасыз ететін инфрақұрылым қалыптасты. Қазақстанның тәжірибесі халықаралық деңгейде таныстырылып, «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты қоғамдық дамудың маңызды ұстанымдарының біріне айналды.
Алайда қоғамның дамуы ұлттық саясатқа жаңа міндеттер қойды. Этностардың мәдени ерекшелігін сақтаудың өзі жеткілікті ме, әлде олардың өзара ықпалдастығын күшейтіп, барлық мәдениеттерді біртұтас қазақстандық кеңістіктің құрамдас бөлігі ретінде қарастыру қажет пе деген мәселе алға шықты.
Осы тұрғыдан этномәдени әралуандықтан мәдени әралуандыққа көшу маңызды. Этномәдени тәсілде қоғам әрқайсысының өз мәдениеті, тілі мен дәстүрі бар этностар жиынтығы ретінде қарастырылады. Бұл модель тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзінің тарихи міндетін атқарды: этностардың мәдени құқықтарын қамтамасыз етті, өзара сенім қалыптастырды және қоғамдық қақтығыстардың алдын алуға мүмкіндік берді. Бірақ қоғамдағы интеграциялық үдерістер тереңдеген сайын бұл тәсіл жаңа мазмұнмен толығады.
Мәдени әралуандық моделінде әр этностың мәдениеті тек сол топтың құндылығы ретінде емес, ортақ қазақстандық мәдени кеңістіктің бір бөлігі ретінде қабылданады. Яғни басты назар «Қазақстанда қандай этностар өмір сүреді?» деген сұрақтан «Қазақстан халқының ортақ мәдени кеңістігі қалай қалыптасады?» деген мәселеге ауысады. Айырмашылықтар қоғамды бөліп тұратын шекара емес, оны байытатын ресурсқа айналуға тиіс. Бірлік біркелкілікті талап етпейді. Этникалық тегіміз, ана тіліміз, дәстүріміз немесе дүниетанымымыз әртүрлі болғанымен, мемлекеттілікке, тәуелсіздікке және елдің болашағына қатысты ортақ құндылықтар болуы қажет.
Бұл үдерісте мемлекеттік тілдің орны ерекше. Мемлекеттік тіл – қоғамдық коммуникацияны біріктіретін, ортақ мәдени кодты қалыптастыратын факторға айналып келеді. Сонымен бірге Қазақстан этностарының тілдері мен мәдени мұрасын сақтау мәдени әралуандықтың табиғи бөлігі болып қала береді.
Қазіргі қоғамның тағы бір ерекшелігі – пікір алуандығының күшеюі. Цифрлық технологиялар мен жаңа ақпараттық орта азаматтардың қоғамдық және саяси мәселелерге көзқарасын бұрынғыдан анық көрсетті. Сондықтан бүгін бірлікті «бәрі бірдей ойлауы керек» деген түсінікпен байланыстыру мүмкін емес. Көзқарастар әртүрлі болғанымен, мемлекеттің тәуелсіздігі, елдің тұтастығы, азаматтық теңдік және ортақ болашақ секілді іргелі құндылықтар қоғамды біріктіруге тиіс.
Қазақстандағы қоғамдық келісім саясатының 2026 жылғы институционалдық трансформациясын да осы ұзақ эволюцияның жалғасы ретінде қарастырған жөн. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиясының аяқталып, Қазақстан Халық Кеңесінің жаңа қоғамдық-саяси институт ретінде қалыптасуы жай ғана құрылымдық өзгеріс емес. Бұл – қоғамдық келісім институттарының жаңа қоғамдық жағдайға бейімделуінің көрінісі. Қазақстан Халық Кеңесі жалпыұлттық диалогтың жаңа платформасы ретінде қарастырылып отыр.
Қазақстан Халық Кеңесін Ассамблеяның жай ғана жаңа атауы деп қабылдау дұрыс емес. Ассамблеяның тарихи қызметінің өзегінде этносаралық келісім, этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл және мәдени әралуандықты қолдау тұрса, жаңа кезеңде қоғамдық диалогтың шеңбері кеңейді. Енді азаматтық қоғамды, қоғамдық ұйымдарды, өңірлерді және түрлі әлеуметтік топтарды ортақ мемлекеттік күн тәртібі төңірегінде біріктіру мәселесі алға шығып отыр. Сондықтан бұл өзгерісті этносаралық келісімнен қоғамдық келісімге, қоғамдық келісімнен жалпыұлттық диалог пен азаматтық қатысуға көшу деп түсіндірген дұрыс.
Бұл жерде сабақтастық сақталады. Бұрынғы институттардың тәжірибесі жоққа шығарылмайды, керісінше жаңа деңгейге көшеді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекет қоғамдағы әртүрлілікті тұрақтандыруға және этностар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға көбірек назар аударса, қазіргі кезеңде сол әралуандықты ортақ мемлекеттік мақсаттарға жұмылдыру міндеті өзекті бола түсті.
Осыған байланысты бірліктің жаңа өлшемі – қоғамдық қатысу.
Бірлік енді адамдардың жанжалсыз қатар өмір сүруімен ғана өлшенбейді. Ол азаматтардың елдегі үдерістерге ортақ жауапкершілікпен қатысуын, қоғамдық мәселелерді талқылауын және мемлекет пен қоғам арасында тұрақты диалогтың болуын талап етеді. Азамат өзін мемлекеттің сырттай бақылаушысы емес, оның болашағына тікелей қатысы бар тұлға ретінде сезінгенде ғана азаматтық бірегейлік нақты мазмұнға ие болады.
Осы тұрғыдан Қазақстандағы бірлік саясатының даму жолын бірнеше кезеңмен көрсетуге болады: толеранттылықтан – этносаралық келісімге, одан азаматтық бірегейлік пен ұлттық бірлікке, ал бүгін жалпыұлттық диалог, қоғамдық қатысу және ортақ жауапкершілікке қарай қозғалыс жүріп келеді.
Бірлік – адамдардың бәрін бірдей ету емес. Ол мәдени ерекшеліктерді жоюды немесе пікірлерді бір қалыпқа түсіруді де білдірмейді. Бірлік – әралуандықты ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіре білу, көзқарастар әртүрлі болған жағдайда да мемлекеттің стратегиялық мүддесі мен елдің болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сақтау.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы тәжірибесі қоғамдық келісімнің өздігінен қалыптаспайтынын көрсетті. Оны құқықтық институттар, саяси мәдениет, тарихи жады, мемлекеттік тіл, азаматтық жауапкершілік, қоғамдық диалог және күнделікті өзара сенім қалыптастырады. Сондықтан бірлік – бір рет қол жеткізілетін нәтиже емес, үнемі жаңарып отыратын қоғамдық процесс.
«Бірлік болса – тірлік болады» деген халық даналығының бүгінгі мәні де осында. Қазіргі Қазақстан үшін бірлік – тек бірге өмір сүру емес, ортақ мәселелерді бірге талқылау, ортақ шешім іздеу және елдің болашағына бірге жауап беру.
Мемлекеттің беріктігі оның азаматтарының біркелкі болуымен емес, ортақ мақсатқа біріге алу қабілетімен өлшенеді. Қазақстан үшін «Бірлігіміз – әралуандықта» ұстанымының басты мәні де – осында.
Жұмағұлов Елдос Тәңірбергенұлы,
саясаттану бойынша PhD, ҚР Мәдениет және ақпарат
министрлігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің
ЭМБ-мен өзара іс-қимыл жасау басқармасының басшысы.
Таукебаева Шынар Жылқыбайқызы,
тарих ғылымдарынын кандидаты, ҚР Мәдениет және ақпарат
министрлігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің
ЭМБ-мен өзара іс-қимыл жасау басқармасының бас сарапшысы.



