Басты жаңалықҚоғам

Тоқаев: Ер адамдардың құшақтасып, сүйісіп амандасуы – біздің дәстүрімізде болмаған

Президент қоғамда дәстүрлі құндылықтарға қайта оралу қажеттігін атап өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан кейін журналистермен кездесіп, қоғамдағы жаңа жүріс-тұрыс мәдениеті мен қоғамдық әдеп туралы пікір білдірді. Президент әсіресе ер адамдардың құшақтасып, беттен сүйіп амандасуын сынға алды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

«Казахстанская правда» газетінің тілшісі Юлия Магер Мемлекет басшысына азаматтардың күнделікті өмірінде өзара құрмет, заң мен тәртіпті сақтау, жауапкершілік пен ұлттық тәрбие қағидаттарын қалыптастыру туралы сұрақ қойды.

Тоқаев бұл мәселені өзі көтергенін айтып, қоғамда дәстүрлі құндылықтарға қайта оралу қажеттігін атап өтті.

«Жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған», – деді Президент.

Мемлекет басшысы мұндай әдеттің әскери қызметшілер мен жоғары шенді офицерлер арасында көрінуін де орынсыз деп санайтынын айтты.

«Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма?» – деді ол.

Президенттің айтуынша, ер адамдар амандасқанда бір-бірінің қолын нық қысып, сәл ғана жымиғаны жеткілікті. Ал адамға деген ерекше құрмет пен қуанышты білдіргісі келген жағдайда оң қолды кеудеге қоюға болады.

Тоқаев қоғамдық мәдениет тек амандасу әдебімен шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, қоғамда тазалық пен тәртіп мәдениетін де қалыптастыру қажет.

«Тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз», – деді Мемлекет басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button