Жаңалықтар

Байқоңырдан «Прогресс МС-35» ұшырылды: ХҒС-қа не жеткізеді

Жүк кемесінің Халықаралық ғарыш станциясына дейінгі ұшуы 72 сағат 13 минутқа созылады

16 қыркүйекте Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-2.1б» зымыран-тасығышы ұшырылды. Ол Халықаралық ғарыш станциясына қажетті жүктерді жеткізетін «Прогресс МС-35» жаңа жүк кемесін орбитаға алып шықты, деп хабарлайды NewsMedia.kz «Роскосмосқа» сілтеме жасап.

Ұшыру штаттық режимде өтті

Зымыран №31 ұшыру кешенінен көкке көтерілген.

«Прогресс МС-35» кемесінің қажетті орбитаға шығарылуы, зымыранның үшінші сатысынан бөлінуі, сондай-ақ антенналары мен күн панельдерінің ашылуы штаттық режимде жүзеге асқан.

Кеме МКС-қа қашан жетеді?

Жүк кемесінің Халықаралық ғарыш станциясына дейінгі ұшуы 72 сағат 13 минутқа созылады. Осы уақыт аралығында «Прогресс МС-35» Жерді 49 рет айналып шығуы тиіс.

Кеменің МКС-тың Ресей сегментіндегі «Поиск» модулімен түйісуі 19 қыркүйекте сағат 18:47-де (Астана уақытымен) жоспарланған.

МКС-қа 2,5 тоннаға жуық жүк жеткізіледі

Кеме бортындағы жүктің жалпы массасы 2489 келі.

Оның ішінде:

  • 1177 келі – экипаж бен станция жүйелеріне арналған құрғақ жүк;
  • 842 келі – МКС-ты жанармаймен толықтыруға арналған отын;
  • 420 келі – ауыз су;
  • 50 келі – станция атмосферасын толықтыруға арналған оттегі.

Құрғақ жүктің арасында «Биополимер», «Вампир», «Виртуал», «Газоанализатор-ФС», «Теледроид» және «Ураган» ғылыми эксперименттеріне арналған жабдықтар бар.

Соның ішінде «Теледроид» тәжірибесі үшін арнайы экзоскелет те жіберілді. Оның көмегімен ғарышкерлер станцияға келесі жүк кемесімен жеткізу жоспарланған антропоморфты роботты қашықтан басқара алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button