«Жазбаша жауап қабылданбайды»: Құрылтайда Дания Еспаева вице-министрге ескерту жасады
Оқиға 2027-2029 жылдарға арналған үш жылдық бюджет жобасын талқылау кезінде болды
Құрылтай комитетінің отырысында Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов депутаттың сұрағына ауызша жауап бере алмай, ақпаратты жазбаша ұсынатынын айтты. Бұған Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева наразылық білдірді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Оқиға 2027-2029 жылдарға арналған үш жылдық бюджет жобасын талқылау кезінде болды.
Депутат қандай сұрақ қойды?
Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай Қаржы және Көлік вице-министрлеріне 2027-2029 жылдары Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер туралы сұрақ қойды.
Оның айтуынша, алдағы үш жылда 272 маңызды ұлттық инвестициялық жобаны жүзеге асыруға шамамен 2 триллион теңге бағыттау жоспарланған. Бұл қаражаттың шамамен жартысы көлік инфрақұрылымы мен авиацияны жаңғыртуға жұмсалмақ.
Депутат осы жобалардың нақты тізімін қайдан көруге болатынын сұрады.
Вице-министрдің жауабы
Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы барлық жобаның бюджет рәсімдерінен өткенін және қажетті құжаттары бар екенін айтты. Оның сөзінше, ведомство бұл ақпаратты Құрылтай комитеттері мен жұмыс топтарының отырысында ұсынуға дайын.
Ал Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов депутатқа ақпаратты жазбаша түрде беретінін мәлімдеді.
Құрылтай төрағасы орынбасарының ескертуі
Бұл жауапқа Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева ескерту жасады.
«Құрметті мемлекеттік органдардың өкілдері, бүгін біз жауапты вице-министрлерді шақырдық. Сондықтан бұл – үш жылдық бюджет жобасы. Сіздер оны жатқа білулеріңіз керек деп ойлаймын. Жуырда ғана бекіттіңіздер. Үш жылдық бюджетті қарастырып отырған кезде “жазбаша жауап береміз” деу дұрыс емес», – деді Дания Еспаева.
Ол басқа да вице-министрлерден депутаттардың сұрақтарына барынша толық жауап беруді сұрады.
«Жазбаша жауапқа сілтеме жасамаңыздар – жазбаша жауап қабылданбайды. Сұрақ өте қарапайым болды. Бұл сіздердің шығыстарыңызға қатысты. Оны сіздерден артық ешкім білмеуі керек», – деді Құрылтай төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ Дания Еспаева Үкімет өкілдерінен осы ескертуге назар аударуды сұрады.



