Басты жаңалықСпорт

Қазақстан Азия ойындарының алғашқы күнінде алты медаль жеңіп алды

Отандастарымыз төрт алтын және екі қола медаль иеленді

Қазақстан құрамасы Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде алты медаль жеңіп алды. Отандастарымыз төрт алтын және екі қола медаль иеленді, деп хабарлайды NewsMedia.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Велоспорттан екі алтын

Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді Рината Сұлтанова салды. Ол жеке уақытқа жарыста 36:23.72 нәтижесімен барлық қарсыласынан озып, Азия ойындарының чемпионы атанды.

Ерлер арасындағы дәл осы сайыста Алексей Луценко да алтын медаль жеңіп алды. Ол қашықтықты 41:24.05 уақытта бағындырды. Бұл Луценконың Азия ойындарындағы мансабындағы бесінші алтыны.

Каратэшілер де чемпион атанды

Қазақстан құрамасына тағы екі алтынды каратэшілер әкелді.

55 келіге дейінгі салмақта кумитэден сынға түскен Жоламан Биғабыл финалда Өзбекстан өкілі Хумоюнмирзо Халимовты 9:1 есебімен жеңді.

Ал 68 келіден жоғары салмақта Софья Берульцева финалда Таиланд спортшысы Маниаан Бутсуванды 8:0 есебімен ұтты. Осылайша Берульцева Азия ойындарында мансабында екінші рет чемпион атанды.

Триатлоннан қола

Қазақстанға алғашқы қола медальді ерлер арасындағы жеке триатлон жарысында Арлан Жанабай әкелді. Ол жарысты 53:11 нәтижесімен үшінші болып аяқтады.

Қазақстанның тағы бір спортшысы Аян Бейсенбаев тоғызыншы орынға ие болды.

Бес сайыстан тағы бір қола

Екінші қола медаль ерлер арасындағы қазіргі бессайыстан командалық есепте бұйырды.

Қазақстан құрамасының нәтижесіне Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашовтың көрсеткіштері енді. Жеке финалда олар тиісінше жетінші, тоғызыншы және 13-орындарды иеленді. Кирилл Стадник 18-орынға тұрақтады.

Командалық есепте әр құраманың ең үздік үш нәтижесі есепке алынды.

Қазақстандықтар жартылай финалға өтті

Ушу-саньдадан Қазақстан спортшылары да жарысты сәтті бастады. 52 келіге дейінгі салмақта Аян Тұрсын 1/8 финалда Түрікменстан өкілі Бибімәриям Ақмұхаммедованы жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

75 келіге дейінгі ерлер арасында Абдурашид Абдуллаев Лаос спортшысы Тунчалеун Анонгты жеңіп, келесі кезеңге өтті.

Аралас жекпе-жектен Қазақстанның үш спортшысы жартылай финалға шықты. 71 келіге дейінгі заманауи ММА санатында Қадырбек Шынбаев Бахрейн өкілі Құрбан Идрисовтен басым түсті.

65 келіге дейінгі дәстүрлі ММА-да Санжар Әділов ирандық Афшин Салими Тупгарды жеңді. Ал 77 келіге дейінгі салмақта Еркінғали Бұркіталин Оңтүстік Корея спортшысы Юн Тэённан басым түсті.

Жартылай финалдық жекпе-жектер 21 қыркүйекте өтеді.

Су добы мен үстел теннисінен жеңістер

Үстел теннисінен ерлер құрамасы топтық кезеңдегі екінші кездесуінде де жеңіске жетті. Қазақстандықтар Бангладешті 3:0 есебімен ұтқаннан кейін Сингапур құрамасын 3:1 есебімен жеңді.

Әйелдер құрамасы турнирді Оңтүстік Кореядан 0:3 есебімен жеңілуден бастады.

Әйелдер арасындағы су добынан Қазақстан Сингапурды 12:7 есебімен жеңді.

Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы ширек финалда Оңтүстік Кореяға 0:3 есебімен жол берді.

Жағажай волейболында Сергей Богату мен Кирилл Гурин Индонезия жұбын 2:1 есебімен жеңді. Ал Мұхаммад Абдулмажид пен Дмитрий Яковлев Жапония өкілдерінен 1:2 есебімен ұтылды.

Бірінші күннің өзге нәтижелері

200 метрге кешенді жүзуден Айбат Мырзамұратов финалға шықты. Финалдық жарыста қазақстандық спортшы 2:00.37 нәтиже көрсетіп, жетінші орын алды. Максим Клименко, Әділбек Мусин және Александр Румынский іріктеу кезеңінен аса алмады.

Гандболдан Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуінде Бахрейннен 20:43 есебімен жеңілді.

Баскетболдан 5×5 форматында Қазақстан Жапониядан 23:88 есебімен ұтылды.

10 метр қашықтықтан пневматикалық мылтықпен ату бойынша командалық жарыста Александра Ле, Елизавета Безрукова және Софья Шульженко алтыншы орын алды.

Әйелдер арасындағы триатлонда Диана Ержанова 1:04:13 нәтижесімен 17-орынға тұрақтады.

Қазіргі бессайыстан жеке жарыста Юлиана Петрова 14-орын, Аяна Қазбекова 17-орын, Диана Щедрова 18-орын алды. Командалық есепте Қазақстан құрамасы төртінші орынға ие болды.

Осылайша, XX жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында төрт алтын және екі қола медаль бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button