БҚО-да «Охотзоопром» басшысы 5 млн теңге алып жатқан жерінде ұсталды
Орал қаласының соты күдіктіні екі айға қамауға санкция берген
Батыс Қазақстан облысында «Охотзоопром» мекемесінің батыс филиалының басшысы Арман Қожахметов 5 млн теңге алып жатқан жерінде ұсталған. ҰҚК бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
11 қыркүйекте БҚО бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері Арман Қожахметовті ұстаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол кәсіпкерден өңір аумағында киік атуға рұқсат беру үшін 5 млн теңге талап еткен.
Келесі күні Орал қаласының соты күдіктіні екі айға қамауға санкция берген.
ҰҚК істің мән-жайын жарияламады
Қылмыстық іс қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық жасау бабымен тергеліп жатыр.
ҰҚК сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ҰҚК.
Комитет тергеу құпиясына байланысты істің өзге де егжей-тегжейін жарияламады.
Құжахметовке қандай жаза қарастырылған?
Құзырлы орган мәліметінше, бұл бап бойынша айыппұлдан бастап үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар сот үкімімен мүлікті тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Арман Қожахметов «Охотзоопром» мекемесінің батыс өңірлік филиалын 2020 жылғы наурыздан бері басқарып келген.



