Білім

Білім мен ғылымның ордасы

ҚҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебіндегі «Менеджмент» кафедрасының алдында жауапты міндет тұр

Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 8 ғылыми-зерттеу институты, 39 ғылыми орталық және 140-тан астам зертхана жұмыс істейді. Оқу орнында 400-ге жуық ғылыми әзірлеме бойынша зерттеу жүргізіліп, 50-ден астам заманауи зертхана ашылды. 2025-2026 жылдары университетке құйылған инвестиция көлемі 110 миллион АҚШ долларын құрайды. Университет QS World University Rankings рейтингінде 177-орынға, ал QS Asia University Rankings 2026 рейтингінде 38-орынға ие болды.

Бұл көрсеткіштер университеттің ғылыми әлеуетін ғана емес, сапалы маман даярлау мүмкіндігін де айқындайды. Бүгінде цифрландыру мен жасанды интеллект еңбек нарығына жаңа талаптар қойып отыр. Сондықтан мамандық таңдау кезінде жастардың жеке бейімі мен қызығушылығын кәсіби біліммен ұштастырудың маңызы зор. Өз ісін жетік меңгерген, ізденуге бейім маманның қашанда сұранысқа ие болары анық.

Осы тұрғыдан алғанда, университеттің Экономика және бизнес жоғары мектебіндегі «Менеджмент» кафедрасының алдында жауапты міндет тұр. Кафедра «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағыты бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде кадр даярлайды. Оқу бағдарламалары мемлекеттік басқару тәжірибесі мен жұмыс берушілердің сұранысына қарай жаңартылып отырады. Бірқатар пән ағылшын тілінде оқытылады.

Болашақ басқарушы үшін теориялық біліммен қатар, мәселені саралау, ұжыммен жұмыс істеу және жауапты шешім қабылдау қабілеті қажет. Сондықтан оқу барысында отандық және шетелдік басқару тәжірибесін зерделеуге, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, цифрлық құралдарды орынды пайдалануға мән беріледі.

Мемлекеттік қызметтің түпкі мұраты – халыққа қызмет ету. Демек, басқарушы кадр даярлауда кәсіби біліктілікпен бірге адамға құрмет, ұлттық мүддеге адалдық және қоғамдық жауапкершілік ұстанымдары қатар қалыптасуы керек. Біздің міндетіміз – осы талаптарды терең түсінетін, алған білімін ел игілігіне жұмсайтын мамандар тәрбиелеу.

Түлектеріміз еліміздің 17 облысындағы 176 аудан мен 6060 ауылдық аймаққа барып, өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға үлес қосып келеді. 2026 жылы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын үздік бітіретін жастарға қарастырылған жеңілдіктер аясында конкурссыз жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілді.

Бұл мүмкіндік жас мамандардың кәсіби жолын бастап, алған білімін ел игілігіне жұмсауына жол ашады. Олардың біліктілігі мен тың бастамалары өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет етуге тиіс.

Оңалбек АБРАЛИЕВ,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ профессоры, э.ғ.д.

              Дәрия  АҚЫЛБЕКОВА,

білім алушы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button