Астанада Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында конференция өтті
Конференция жұмысына Сингапур, Малайзия, Германия, Франция, Өзбекстан, Әзербайжан және Беларусь елдерінен келген жетекші дәрігерлер, сарапшылар қатысты

Астана қаласында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында «Емдеуге жатқызуға дейінгі және госпиталдық кезеңдегі жүрек-өкпе реанимациясының заманауи тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Іс-шараны Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Жедел медициналық жәрдем қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов қатысты.

Конференцияның ашылу салтанатында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының Басқарма Төрағасы Ержан Әділбеков құттықтау сөз сөйлеп, шұғыл медициналық көмек жүйесін дамытудағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Конференция жұмысына Сингапур, Малайзия, Германия, Франция, Өзбекстан, Әзербайжан және Беларусь елдерінен келген жетекші дәрігерлер, сарапшылар қатысты.

Конференция бағдарламасы бірнеше негізгі бағыттарды қамтиды: жүрек-өкпе реанимациясын жүргізудің заманауи халықаралық алгоритмдері, ауруханаға дейінгі кезеңде шұғыл медициналық көмек көрсету тәжірибесі, аурухана ішіндегі кезеңде реанимациялық көмекті жетілдіру, күрделі клиникалық жағдайларды талдау, инновациялық медициналық жабдықтар мен технологияларды қолдану, сондай-ақ шұғыл медицина саласындағы цифрлық шешімдер мен телемедицина мүмкіндіктері.

Іс-шара аясында жетекші халықаралық сарапшылардың баяндамалары ұсынылып, тәжірибелік сессиялар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Қатысушылар жүрек-өкпе реанимациясын жүргізудің жаңа әдістерімен танысып, күрделі клиникалық жағдайларды талқылау барысында кәсіби тәжірибе алмасып жатыр.
Конференцияны өткізу шұғыл медициналық көмекті ұйымдастырудың тиімді модельдерін талқылауға, халықаралық тәжірибені енгізуге және медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Фото: дереккөз



