Денсаулық

Дәрігер күзде жүрекке қауіп төндіретін 4 факторды атады

Маман күзде тамақтану тәртібіне де назар аударуға кеңес берді

Күзде жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуына адамның қозғалысының азаюы, тамақтану тәртібінің өзгеруі және стресс әсер етуі мүмкін. Бұл туралы невролог Алексей Маматов «Известия» басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Дәрігердің айтуынша, күзде жүрекке төнетін қауіптің бірі – күнделікті қозғалыстың күрт азаюы. Жаз айларында адамдар көбірек жүріп-тұратын болса, ауа райы салқындаған кезде үйде көбірек отыруы мүмкін. Бұл бірнеше апта ішінде қан айналымы жүйесінің жұмысына әсер етуі ықтимал.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Мұрын бітеліп, тұмауратқанда не істеу керек: 8 тиімді тәсіл

Маман күзде тамақтану тәртібіне де назар аударуға кеңес берді. Оның айтуынша, бұл кезеңде рациондағы тұз, қант пен кофе мөлшері артуы мүмкін. Сонымен қатар кей адамдар суды жеткілікті мөлшерде ішпейді.

Стресс те жүрек-қан тамырлары жүйесіне қосымша салмақ түсіруі мүмкін. Дәрігер мұны күзде жұмыс жүктемесінің артуымен байланыстырады.

Алексей Маматов мұндай факторлардың алдын алу үшін төрт негізгі қағиданы ұстануға кеңес берді: жеткілікті қозғалу, дұрыс ұйықтау, қажетті мөлшерде су ішу және теңгерімді тамақтану.

Сонымен қатар маман денсаулықтағы кез келген өзгерісті тек күздің келуімен байланыстыруға болмайтынын атап өтті.

«Кейде адам дәрігерге жүрегіне қатысты бір шағыммен келеді. Бірақ тексеру барысында мәселенің ауқымы кеңірек екені анықталады. Мысалы, қан тамырларының жұмысы бұзылуы, ағзадағы кейбір тапшылықтар, зат алмасу немесе гормондық өзгерістер болуы мүмкін», – деді дәрігер.

Оның айтуынша, жүрекке қатысты шағымдар болған жағдайда нақты себебін анықтау үшін медициналық тексеруден өткен жөн.

Басқа жаңалықтар

Back to top button