Қостанай облысында медициналық жабдық сатып алуда заң талаптары бұзылған
Тексеру барысында мемлекеттік сатып алу кезінде бәсекелестікті жасанды түрде шектеу фактілері анықталған
Қостанай облысының Федоров ауданында медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға бөлінген 17,4 млн теңге бюджет қаражатына қатысты заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Федоров ауданының прокуратурасы «Федоров аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК-да медициналық техника сатып алуға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығын тексерген.
Тексеру барысында мемлекеттік сатып алу кезінде бәсекелестікті жасанды түрде шектеу фактілері анықталған.
Прокуратура мәліметінше, заңбұзушылықтар техникалық спецификацияларды әзірлеу кезінде орын алған. Атап айтқанда, сатып алынатын медициналық құралдардың сипаттамалары нақты бір модельдер мен өндірушілердің өнімдеріне бейімделіп, шамадан тыс егжей-тегжейлі көрсетілген.
Бұл талаптар мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға, сондай-ақ адал бәсекелестік, өнім берушілердің теңдігі және бюджет қаражатын тиімді пайдалану қағидаттарына қайшы келеді.
«Сатып алуларға жүргізілген талдау ауруханада гастровидеоскоптар, ирригациялық помпалар, зертханалық микроскоптар, ота жасау үстелдері мен пациент мониторларын сатып алу кезінде де осындай тәсілдің қолданылғанын көрсетті», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Прокуратура анықтаған мәліметтер осыған ұқсас заңбұзушылықтардың жүйелі сипат алуы мүмкін екенін көрсеткен.
Осыған байланысты талдау нәтижелері Қостанай облысының аумағында қосымша қадағалау шараларын жүргізу және мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін жолданды.



