Басты жаңалықҚоғам

Қазақстанда ерікті қоныс аудару бағдарламасына жаңа мамандар қатыса алады

Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, бағдарламаға сұранысқа ие мамандар мен шаруа қожалықтарының басшылары да қатыса алады

Қазақстанда жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуға мүмкіндік беретін бағдарламаға өзгеріс енгізілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерікті қоныс аударудың жаңа қағидаларын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, бағдарламаға сұранысқа ие мамандар мен шаруа қожалықтарының басшылары да қатыса алады.

Қоныс аударушыларға қандай қолдау көрсетіледі?

Қазір бағдарламаға қатысушылардың әр отбасы мүшесіне көшіп бару үшін 70 АЕК көлемінде біржолғы төлем беріледі. Сонымен қатар мемлекет бір жыл бойы тұрғын үйді жалдау ақысы мен коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге көмектеседі.

Бұдан бөлек, қоныс аударушыларға үй сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге 1625 АЕК-ке дейін қаржылай көмек қарастырылған.

Жаңа ережелерде бағдарламаға қатысушыларға берілетін материалдық көмекті ұсыну тәртібін өзгерту де көзделген.

Қай өңірлерге қоныс аударуға болады?

Ерікті қоныс аудару бағдарламасы жұмыс күші жетіспейтін сегіз өңірді қамтиды. Олар:

  • Ақмола облысы;
  • Шығыс Қазақстан облысы;
  • Қостанай облысы;
  • Қарағанды облысы;
  • Павлодар облысы;
  • Абай облысы;
  • Ұлытау облысы;
  • Солтүстік Қазақстан облысы.

Бұл өңірлерде дәрігерлер, медбикелер, мұғалімдер, тәрбиешілер, инженерлер, агрономдар, ветеринарлар, механизаторлар, жүргізушілер, электриктер, дәнекерлеушілер, токарьлар және құрылысшылар сияқты мамандарға сұраныс жоғары.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбек күші артық өңірлерден жұмысшы кадрлар тапшы аймақтарға азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуына жағдай жасау.

Басқа жаңалықтар

Back to top button