Жаңалықтар

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру тәртібін өзгерту ұсынылды

Депутаттың айтуынша, кей жағдайда кезек алты айға дейін созылады

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханға жазылу жүйесін өзгерту ұсынылды. Мәжіліс депутаты Мейраш Шынасылова азаматтардың мамандандырылған ХҚКО-ларда емтихан тапсыру үшін бірнеше ай күтуге мәжбүр екенін айтып, жүйені жетілдіру жөнінде ұсыныстарын білдірді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Депутаттың айтуынша, кей жағдайда кезек алты айға дейін созылады. Ал бос орындар ашылған кезде оларды азаматтар тез алып қояды. Осыған байланысты емтиханға жазылу тетігінің ашықтығына қатысты сұрақтар туындап отыр.

«Тапшылық бар әрі ашықтық болмаған жерде ақылы делдалдардың пайда болуы заңды», – делінген депутаттық сауалда.

Жеке автодромдарды пайдалануға мүмкіндік берілмек

«Ақ жол» фракциясы емтихан тапсыратын орындардың санын көбейтіп, мемлекеттік инфрақұрылыммен қатар жеке нысандарды да пайдалануды ұсынды.

Атап айтқанда, мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын 20:00-ге дейін ұзарту және емтихан қабылдайтын қызметкерлердің ауысыммен жұмыс істеуін ұйымдастыру ұсынылып отыр.

Теориялық емтиханды Ұлттық тестілеу орталығы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелерінде өткізу мүмкіндігі де қарастырылған.

Практикалық емтиханға қатысты да өзгеріс енгізу ұсынылды. Қазір жүргізу сынағы негізінен мамандандырылған ХҚКО-лардың автодромдарында қабылданады. Депутат мысал ретінде Астананы келтіріп, екі миллионға жуық тұрғыны бар агломерацияда бір ғана автодром жұмыс істейтінін атап өтті.

Осыған байланысты талапқа сай келетін жеке автодромдарды аккредиттеу ұсынылып отыр. Ол үшін барлық алаңға ортақ техникалық және қауіпсіздік талаптары белгіленуі керек.

Емтихан нәтижесі барлық жерде бірдей бағалануы тиіс

Депутаттардың ұсынысына сәйкес, мемлекеттік немесе жекеменшік алаңда өткізілгеніне қарамастан, емтихан талаптары бірдей болуы қажет.

Атап айтқанда, бағалау критерийлері, бейнебақылау талаптары және емтихан нәтижелерін ақпараттық жүйелерге енгізу тәртібі бірыңғай болуы ұсынылды.

Емтиханға жазылу eGov арқылы жүргізілуі мүмкін

«Ақ жол» фракциясы емтиханға жазылуды тек eGov және eGov Mobile арқылы жүргізуді ұсынды.

Депутаттар бос орындарды автоматты түрде бөлетін ашық әрі қорғалған жүйе енгізу қажет деп санайды. Бұл емтихан тапсыруға кезекті реттеуге және азаматтардың ұзақ уақыт күту мәселесін азайтуға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button