Жаңалықтар

Көкшетауда сот қызметкері қайтыс болды: Оның отбасы жұмыстағы қысым туралы мәлімдеді

Туыстарының айтуынша, оған әділетсіз тәртіптік жаза қолданылған. Сонымен қатар қызметтік пәтерден шығару мәселесі де көтерілген

Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Аян Дүйсековтің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Марқұмның туыстары оның соңғы айларда жұмыста қысым көргенін айтып, оқиғаның мән-жайын толық тексеруді талап етті, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Stan.kz жазуынша, марқұмның отбасы Дүйсеков соңғы уақытта жұмыста «моральдық және психологиялық қысымға» ұшырағанын мәлімдеді.

Туыстарының айтуынша, оған әділетсіз тәртіптік жаза қолданылған. Сонымен қатар қызметтік пәтерден шығару мәселесі де көтерілген.

Отбасы өз өтінішінде осы жағдайларға байланысты лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруді және жұмыс орнындағы жағдайлардың Дүйсековтің жағдайына әсері болған-болмағанын анықтауды сұраған.

Туыстары сондай-ақ Дүйсековтің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін кейбір лауазымды тұлғалардың еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеп, жұмыстан босатылуы мүмкін деген ақпаратты тексеруді сұрап отыр.

Ақмола облыстық Полиция департаменті аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп мәлімдеді полиция.

Қазіргі уақытта Дүйсековтің өліміне қатысты нақты себептер мен оған әсер еткен болуы мүмкін жағдайларды тергеу органдары анықтап жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысы Степногорск қаласында жол жөндеу кезінде өрескел кемшіліктер анықталғанын хабарлаған едік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button