«Тілім бармайды»: Мария Захарова Қазақстанға қатысты күтпеген пікір айтты
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Тоқаевтың «орта державалардың» әлемдік саясаттағы рөліне қатысты тұжырымдамасына тоқталған
Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Қазақстанның әлемдік саясаттағы рөлі туралы пікір білдірді. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев елдің халықаралық саясаттағы орнын «орта державалар» тұжырымдамасы аясында түсіндірсе, Захарова Қазақстанды «орта мемлекет» деп атауға тілі бармайтынын айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Дәурен Абаев пен Мария Захарова Екатеринбургте өткен Халықаралық жастар фестивалі – 2026 аясында «Көпполярлы әлемдегі көшбасшылық: халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасында елдің позициясын не айқындайды?» атты сессияға қатысты.
Дәурен Абаев не деді?
Қазақстанның Ресейдегі елшісі сөзінде әлемдік қауіпсіздік архитектурасы өзгеріп жатқан кезеңде «орта державалардың» рөлі артып келе жатқанын айтты.
Абаев бұл тұрғыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «орта державалардың» әлемдік саясаттағы рөліне қатысты тұжырымдамасына тоқталды.
Оның айтуынша, Еуразияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан үшін үш фактор маңызды: ішкі тұрақтылық, елдер мен құрлықтарды байланыстыру мүмкіндігі және халықаралық серіктестердің сенімі.
«Қазақстан әрдайым сөзінде тұратын, адал әрі тең құқылы серіктес болуы керек», – деді Дәурен Абаев.
«Қандай орта мемлекет?»
Өз кезегінде Мария Захарова Қазақстанның халықаралық аренадағы рөліне жоғары баға берді.
«Әрине, Қазақстан – әлемге және біздің Еуразия құрлығына орасан зор үлес қосқан ең ірі мемлекеттердің бірі», – деді ол Дәурен Абаевқа қарата.
Захарова Қазақстанды «орта мемлекет» деп атауға қатысты өз ойын әзіл аралас жеткізді.
«Сіздерді орта мемлекет деп атауға тілім бармайды. Қандай орта мемлекет? Сіздер мүлде орта емессіздер! Өте қуатты әрі болашағы зор мемлекетсіздер!» – деді Ресей СІМ өкілі.
Осылайша пікірталас барысында Қазақстанның халықаралық саясаттағы орны және «орта державалар» тұжырымдамасы талқыланды.



