Әлем

Әскери қылмыстарға қатысы бар: Косовоның бұрынғы Президенті 25 жылға сотталды

Гаагадағы Арнайы сот Косово соғысы кезінде болған 96 адам өліміне, сондай-ақ заңсыз қамау, азаптау және қатыгез қарым-қатынас фактілеріне Тачидің жауапкершілігі дәлелденді деп шешкен

Косовоның бұрынғы президенті Хашим Тачи әскери қылмыстарға қатысы бар деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы NewsMedia.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Тачи қандай қылмысы үшін сотталды?

Гаагадағы Арнайы сот Косово соғысы кезінде болған 96 адам өліміне, сондай-ақ заңсыз қамау, азаптау және қатыгез қарым-қатынас фактілеріне Тачидің жауапкершілігі дәлелденді деп шешкен.

Бұл қылмыстар 1998–1999 жылдардағы соғыс кезінде Косовоның азаттық армиясы (UÇK) қатарында жасалған.

Тачи ісі тағы үш бұрынғы әскери қолбасшымен бірге қаралды. Төртеуі де өздеріне тағылған айыптарды мойындамады. Прокуратура олардың әрқайсысына 45 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Сот процесі 2023 жылдан бері жалғасқан. Осы уақыт ішінде 300-ге жуық куәгерден жауап алынып, 155 жәбірленуші сот процесіне қатысқан.

Хашим Тачи кім?

Хашим Тачи Косовоның азаттық армиясын құрушылардың бірі болған. Ол 2008-2014 жылдары Косовоның премьер-министрі қызметін атқарып, кейін сыртқы істер министрі болды. 2016 жылы ел президенті болып сайланды.

2020 жылы әскери қылмыс жасады деген айып тағылғаннан кейін Тачи президенттік қызметінен кеткен. Кейін ол қамауға алынып, Гаагадағы сотқа тапсырылды.

Косово соғысы туралы не белгілі?

1998-1999 жылдардағы Косово қақтығысы кезінде 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. 1641 адам әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Соғыс НАТО-ның Сербияға қарсы 78 күнге созылған әуе операциясынан кейін аяқталды.

2008 жылы Косово Сербиядан тәуелсіздігін біржақты түрде жариялады. Белград бұл тәуелсіздікті әлі де мойындамайды. Қазақстан, Ресей, Қытай және Еуропалық одақтың бес мемлекеті де Косовоның тәуелсіздігін мойындамаған елдер қатарында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button