Әлем

АҚШ-тың әскери ЖИ жүйесі Қытай кемесіндегі жүкті қате танып, соғыс қаупін тудырған

Сарапшы жасанды интеллект жасаған қорытындыларды кейін ресми барлау есебіне айналдырып, тиісті органдарға таратқан

АҚШ Қорғаныс министрлігінің жасанды интеллект жүйесі Қытай кемесінің бортындағы жүкті қате анықтап, оны ядролық бағдарламаға арналған компоненттер деп көрсеткен. Қате барлау есебі америкалық әскерилердің Қытай кемесіне қарсы операцияға дайындалуына себеп болған. Бұл туралы NewsMedia.kz CNN телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 2026 жылдың көктемінде болған. CNN мәліметінше, АҚШ Арнайы операциялар күштері қолбасшылығының сарапшысы Қытай кемесі туралы барлау ақпаратын талдау кезінде чат-ботты пайдаланған.

Жасанды интеллект жүйесі ашық деректерді (OSINT) радиоэлектрондық барлау мәліметтерімен (SIGINT) біріктіріп, кемедегі жүкке қатысты қорытынды жасаған. Алайда кейін оның жүкті қате танығаны анықталған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Google Gemini-ге қатысты күтпеген жағдай: ЖИ моделі үш компанияға шабуыл жасаған

Қате есеп әскери операцияға ұласуға шақ қалдырған

Сарапшы жасанды интеллект жасаған қорытындыларды кейін ресми барлау есебіне айналдырып, тиісті органдарға таратқан.

Осы есептен кейін Пентагон Қытай кемесін тоқтатып, оның бортына қарулы арнайы жасақ түсіруге дайындала бастаған. Әскери ұшақтар да әуеге көтерілген.

Алайда операция басталар алдында америкалық шенеуніктер барлау есебін егжей-тегжейлі қайта тексерген. Сол кезде құжаттың жасанды интеллект көмегімен әзірленгені анықталып, жүйенің кемедегі жүкті қате идентификациялағаны белгілі болған.

Осыдан кейін жоспарланған операция тоқтатылған.

Кемеде қандай жүк болғаны белгісіз

CNN нақты кемеде қандай жүк болғанын өз бетінше анықтай алмаған. Сондай-ақ телеарна бұл жағдайда қолданылған жасанды интеллект жүйесінің коммерциялық чат-бот болғанын немесе АҚШ үкіметіне арнайы әзірленген жүйе екенін де анықтай алмаған.

CNN дереккөздерінің бірінің айтуынша, жасанды интеллект жасаған қате қорытынды «соғысты бастап кете жаздаған».

Өйткені АҚШ-тың Қытай кемесіне қарсы кез келген күш қолдануы екі ел арасында тікелей қарулы қақтығысқа ұласуы мүмкін еді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button