Әлемде паспортсыз шетелге шыға алатын үш адам бар: олар кімдер
Британ монархы бұл ерекше мәртебені анасы, патшайым Елизавета II қайтыс болғаннан кейін мұрагерлік жолмен алған
Көпшілік шетелге шығу үшін паспорт ұсынуға міндетті. Алайда Ұлыбритания королі Карл III пен Жапония императоры Нарухито және императрица Масако бұл талаптан босатылған, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Bild.com порталының мәліметінше, Британ монархы бұл ерекше мәртебені анасы, патшайым Елизавета II қайтыс болғаннан кейін мұрагерлік жолмен алған.
Британ корольдік отбасының ресми сайтында корольге шетелге шығу үшін британдық паспорт қажет емес екені көрсетілген. Оның орнына Карл III-ке арнайы құжат беріледі. Онда құжат иесін кедергісіз өткізу және оған қажетті көмек пен қорғауды қамтамасыз ету туралы өтініш жазылған.
Ал корольдік отбасының басқа мүшелері шетелге кәдімгі паспортпен шығады.
Жапония императорына да паспорт берілмейді
Жапония императоры Нарухито мен императрица Масаконың да осындай ерекше мәртебесі бар.
1971 жылы Жапония үкіметі император мен императрицаға паспорт беруді «өте орынсыз» деп шешкен. Билік олардың қарапайым азаматтар сияқты шекарадан өту рәсімдерінен өтуін де лайықсыз деп санаған.
Сондықтан Жапония императоры мен императрицасы паспорттың орнына арнайы министрлік құжатын пайдаланады. Алайда олардың сапары кезінде Жапонияның Сыртқы істер министрлігі баратын елдің билігін алдын ала хабардар етуі тиіс.
Жапон император әулетінің басқа мүшелеріне мұндай ерекшелік берілмеген. Олар дипломатиялық паспортпен саяхаттайды.
Рим папасы ше?
Рим папасына шетелге шығу үшін паспорт қажет. Ол Ватикан мемлекетінің немесе өзі азаматы болып табылатын елдің жеке басын куәландыратын құжаттарын пайдаланады.



