Жаңалықтар

«НЛО ма?»: Қазақстандықтар аспандағы ерекше көріністі видеоға түсіріп алған

Каскелең тұрғындары кешкі уақытта аспанда ұзын жарқыраған із қалдырған нысанды видеоға түсірген

Қазақстанның бірнеше өңірінде тұрғындар аспанда ұзын жарық ізі бар ерекше нысанды байқап, оның не екенін түсінбей қалған. Бірі оны кометаға ұқсатса, енді бірі тіпті НЛО болуы мүмкін деп болжаған. Алайда мамандар аспандағы ерекше құбылыстың нақты себебін түсіндірді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Каскелең тұрғындары кешкі уақытта аспанда ұзын жарқыраған із қалдырған нысанды видеоға түсірген.

Tengrinews.kz редакциясының WhatsApp нөміріне жолданған видеода аспанда кометаға ұқсайтын жарық нысан анық көрінеді.

«Досым екеуміз Каскелеңде шамамен 18:30–18:40 кезінде аспаннан кометаға ұқсас бір нәрсенің құлағанын түсірдік. Бұл не болуы мүмкін? НЛО ма?» – деп жазған видео авторы.

Осыған ұқсас көріністі сол күні Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да байқаған. Катонқарағай ұлттық паркінің аумағында болған әйел аспандағы ерекше нысанды видеоға түсіріп алған.

«Катонқарағай. Аспанда не ұшып бара жатыр? Ясная полянада оттың қасында отыр едік. Аспанға қарасақ, бір нәрсе ұшып барады», – деді ол.

Бұл комета емес

Алматыда фотограф Дмитрий Доценко да аспандағы ерекше көріністі түсіріп алған. Оның айтуынша, кадрдағы нысан – «Прогресс МС-35» ғарыш кемесін алып ұшқан зымыран.

Фотографтың мәліметінше, сол күні Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-2.1б» зымыран-тасығышы ұшырылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Байқоңырдан «Прогресс МС-35» ұшырылды: ХҒС-қа не жеткізеді

«Бүгін кешке Байқоңырдан “Союз-2.1б” зымыран-тасығышы ұшырылды. Алматы тұрғындары үшін ғарыш кемесінің ұшырылымын өз көздерімен көру сирек мүмкіндік болды. Сену қиын, өйткені Байқоңырға дейінгі арақашықтық түзу сызықпен есептегенде 1000 шақырымнан асады», – деді Дмитрий Доценко.

Ол аспандағы ерекше көріністің «медузаға» ұқсайтынын атап өтті. Бұл құбылыс зымыранның жоғары биіктіктегі реактивті газдары күн сәулесімен жарықтанған кезде пайда болады.

«Зымыран сәтті уақытта – күн батқаннан кейін бірден ұшырылды. Соның арқасында бүгін “медуза” деп аталатын құбылысты көрдім. Зымыранның реактивті газдары жүздеген шақырым биіктікте көкжиектен әлдеқашан батқан Күн сәулесімен жарықтанады. Жерде қараңғы болғанымен, жоғарыда әлі күндіз болады», – деп түсіндірді фотограф.

Дмитрий Доценко бұл кадрды алдын ала жоспарлаған. Ол зымыранның Алматының символдарының бірі – Көктөбе телемұнарасының дәл тұсынан өтуін есептеп, түсірілім нүктесін таңдаған.

Ғалымдар не деді?

Фесенков атындағы Астрофизика институтының мамандары да аспандағы ерекше жарықтың зымыран ұшырылымына байланысты болғанын растады.

Институт қызметкерлері зымыранның ұшуын обсерваториядан өздері бақылаған. Мамандардың бірі Светлана Мошкинаның айтуынша, зымыран Байқоңырдан сағат 18:34-те ұшырылған.

«Ұшырылым сағат 18:34-те басталды. Көкжиек әлі жарық болатын. Зымыран сөніп бара жатқан шапақ аясында өте әлсіз көрінді», – деді Светлана Мошкина.

Осылайша Каскелең, Шығыс Қазақстан және Алматы тұрғындары түсірген ерекше «комета» немесе НЛО емес, Байқоңырдан ұшырылған зымыранның биік атмосферада Күн сәулесін шағылыстырған ізі болып шықты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button