Astana Hub пен Alem.ai Токио бастамасының платформасына айналуы мүмкін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода өткен «Орталық Азия – Жапония» диалогының алғашқы саммитінде сөйлеген сөзінде цифрлық трансформация және жасанды интеллектті дамыту саласындағы ынтымақтастықтың ерекше маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, жапон инновациялары сапасымен, сенімділігімен және жоғары технологиялық деңгейімен кеңінен танымал.
Президент Қазақстанның цифрлық мемлекетке айналу жолына түскенін мәлімдеді. Осы мақсатта елде Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылған. Сонымен қатар биыл Қазақстанда америкалық технологиялар негізінде екі суперкомпьютер іске қосылды.
Алдағы жылы Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру басталады. Бұл құжат өнеркәсіпті, мемлекеттік секторды, әлеуметтік саланы және білім беруді цифрландыруға бағытталған. Осылайша, Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды одан әрі дамытуға қолайлы жағдай қалыптасып келеді.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Токио бастамасын, соның ішінде Орталық Азия елдері мен Жапония арасындағы жасанды интеллект саласындағы жаңа әріптестік форматын іске қосуды қолдайтынын айтты.
— Бұл платформаны қажетті инфрақұрылымы мен халықаралық экожүйесі бар Орталық Азиядағы ең ірі IT-стартаптар технопаркі Astana Hub пен Alem.ai халықаралық орталығының базасында орналастыруды ұсынамыз, — деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының алғашқы саммитінде сөз сөйлеп, Жапонияға сапар аясында 60-тан астам екіжақты құжатқа, оның ішінде 3,7 млрд АҚШ долларынан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылғанын атап өтті.
Президент Жапонияның Ақтау портының дамуына қатысу жөніндегі шешімін құптап, энергетика саласындағы жапон инновациялары мен инвестицияларына, сондай-ақ ядролық қалдықтарды басқару жобаларынақызығушылық білдірді. Сонымен қатар Қазақстан мен Жапония Next-Generation SmartMining Plus жобасын іске қосқанын, оның өндірістік процестерді цифрландыруға бағытталғанын айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Астанада «Орталық Азия – Жапония» ғалымдарының кездесуін өткізудіұсынды, Арал теңізі мәселесін көтеріп, UN Water халықаралық ұйымын құру бастамасын алға тартты.



