Білім

«Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Астанада «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025» республикалық бейнесабақтар мен видеолекциялар конкурсының қорытындысы шығарылды. 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан байқау ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Биыл конкурсқа еліміздің барлық өңірінен 16 мыңнан астам педагог қатысып, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе жоғары көрсеткішке жетті.

Марапаттау рәсімінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Бекболатұлы Жұмашев құттықтау сөз сөйлеп, байқаудың жыл сайын мазмұны мен сапасы артып келе жатқанын атап өтті. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының серіктестері — ҚР Ұлттық банкі, British Council Kazakhstan, ЮНЕСКО және STEM Solutions жеңімпаздарға функционалдық сауаттылық бағыттары бойынша қосымша ынталандыру сыйлықтарын табыстады. Бұл конкурсқа деген халықаралық қызығушылықтың артқанын көрсетті.

Педагогтер функционалдық сауаттылықтың жеті бағыты бойынша I, II және III дәрежелі дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Сонымен қатар әр бағытта YouTube платформасында ең көп қаралым жинаған видеоматериал авторлары да анықталды.

Байқау екі кезеңде — өңірлік және республикалық деңгейде өткізілді. Биыл алғаш рет өңірлік кезеңде бейнеролик тапсыру талабы алынып тасталып, қатысушылар алдымен идеяның жазбаша негіздемесін ұсынды. Республикалық кезеңде идея бейнеформатта қорғалды. Өтінімдер алғаш рет ppi.orleu.edu.kz онлайн-платформасы арқылы қабылданды. Жұмыстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылды.

Жеңімпаздар өз тәжірибесін ТМД елдерінің Педагогикалық шеберлік фестивалінде және халықаралық алаңдарда таныстыру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар конкурс нәтижелері педагогтердің аттестациясынан өту барысында ескерілетін болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button