МәдениетСпорт

Жыл қорытындысы: Үздіктер — “NAMYS” спорттық премиясы

Астанада «Namys» спорттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін, 23 желтоқсан күні Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы жыл қорытындысы бойынша үздік спортшылар мен спорт ұйымдарын марапаттады.

Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты шарада 2025 жылғы спорт саласының негізгі бағыттарын қамтыған 14 номинация бойынша «Namys» спорттық сыйлығы табысталды.

Іс-шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейрхан арнайы қатысты.

Шара барысында сөз сөйлеген Ерік Мейрхан елордада спортпен тұрақты айналысатын тұрғындардың үлесі 42 пайызға жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылы жеке демеушілер есебінен Sana Sport, QazSwimAcademy, Kodokan Spirit, Alpha Gym, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені және Ozen Fitness спорт академиясы пайдалануға берілген.

Сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Aulafit», «Funny Sport» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ал кәсіби спортта астаналық спортшылар 1400-ден астам жарысқа қатысып, 5 мыңға жуық медаль жеңіп алған. Бұдан бөлек, елордалық спортшылар 2026 жылы Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындарының жолдамасын иеленіп, дайындықты бастап кеткен. Ұлттық спорт түрлеріне де ерекше көңіл бөлініп, 2026 жылы жаңа спорт мектебін ашу жоспарланып отыр.

Кеш барысында Мархаба Сәби, Дастан Оразбеков және «ABYROI» тобы өнер көрсетіп, салтанатты кештің көркін қыздырды.

Номинация жеңімпаздары:

🔹 Жылдың үздік спортшысы – Санжар Тәшкенбай

50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Санжар Тәшкенбай Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарып, Қазақстан тарихында 18 жылдан кейін екі дүркін әлем чемпионы атанған отандасымыз болды.

🔹 Жылдың үздік жаттықтырушысы – Меруерт Балғынбаева

2025 жылы жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионын және Азия чемпионы атанған топтық құраманы дайындады.

🔹 Жыл серпіні – Ақмарал Ерекешева

Маусым айында Болгарияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тарихи алтын медаль жеңіп алды.

🔹 Жыл серпіні (пара спорт) – Әли Тұрғанбеков

Желтоқсан айында БАӘ-де өткен Азия Пара ойындарында жүзуден 1 алтын, 3 күміс медаль иеленді.

🔹 Үздік пара спортшы – Никита Ермаков

Пара армрестлингтен әлем чемпионы, сондай-ақ пара нысана көздеуден әлем кубогының қола жүлдегері.

🔹 Паралимпиадалық спорттың үздік жаттықтырушысы – Михаил Бурчалин

Никита Ермаков пен Париж Паралимпиадасының қатысушысы Севда Алиеваны дайындап жүр.

🔹 Ұлттық спорт түрлерінен үздік жаттықтырушы – Нұржан Қонарбаев

2025 жылы тоғызқұмалақтан Азия чемпионы мен әлем кубогының жеңімпаздарын дайындады. Оның жетекшілігімен Қазақстан Республикасының 10 спорт шебері және халықаралық дәрежедегі 4 спорт шебері тәрбиеленді.

🔹 Ұлттық спорт түрлерінен үздік спортшы – Сағындық Әшім (қазақ күресі)

Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2025 жылы әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионы атанып, Әлем кубогында да жеңіске жетті.

🔹 Жылдың үздік командасы

№10 балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің хоккей командасы.

Команда шайбалы хоккейден Jastar Hokei Lygasy-ның 2024/2025 жылғы маусымында «Астана» тобында топ жарып, маусымның басты сенсацияларының біріне айналды.

🔹 Үздік спорттық нысан – «Ozen Fitness»

Су спорты түрлері бойынша Қазақстандағы алғашқы спорт академиясы. Қазіргі таңда мұнда 850 бала тұрақты түрде жаттығады. Сондай-ақ осы кешенде ұлттық және жастар құрамасының мүшелері дайындықтан өтеді.

🔹 Үздік қалалық спорт федерациясы

Гимнастика түрлері бойынша Астана қаласының федерациясы.

2025 жылы спорттық, көркем және батуттық гимнастикадан ел ішінде де, халықаралық ареналарда да көптеген медаль жеңіп алды. Ұлттық құраманың бірқатар спортшылары дәл осы федерация базасында жаттығады.

🔹 Жылдың үздік спорттық ұйымы

Астана қаласы әкімдігінің мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы.

Клуб бүгінде төрт бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мұнда тірек-қимыл аппараты зақымдалған, есту және көру қабілеті төмен, сондай-ақ зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар жаттығады.

2025 жылы республикалық және халықаралық жарыстарда 587 медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының VII Пара Спартакиадасында 17 спорт түрінен жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды.

🔹 Үздік спорттық телеарна – «QAZSPORT»

🔹 Үздік спорттық портал – Elordainfo.kz

Портал елордалық және республикалық деңгейдегі жарыстарды, спортшылардың жарқын жеңістерін, сондай-ақ маңызды турнирлер мен чемпионаттар туралы ақпаратты тұрақты түрде жариялап келеді.

Айта кетейік, барлық жеңімпаздарға арнайы естелік сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды.

Автор: Айжан Алхабек

Басқа жаңалықтар

Back to top button