Мәдениет

Ерлікке тағзым: Астанада Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы аталып өтті

Астанада «EXPO» халықаралық көрме орталығындағы AlemAI күмбезінің астында аты аңызға айналған қолбасшы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай салтанатты плац-концерт ұйымдастырылды.

Тағылымды шараға ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі мен рәсімдік бөлімшесі қатысып, көрермендерге әскери-музыкалық қойылым ұсынды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, ел мен жерге деген құрметті арттыру. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Айбын Президенттік полкі 0112 әскери бөлімінің бірінші басқарма бастығы, подполковник Қайрат Молдабаев атап өтті.

— Бауыржан Момышұлы – әскери тәртіптің, батылдық пен кәсіби шеберліктің символы. Ол нағыз офицер қандай болуы керектігін өз өмірімен дәлелдеген тұлға, – деді ол.

Плац-концерт аясында Президенттік үрлемелі аспаптар оркестрі, «Абырой» тобы, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» Президенттік полкінің рәсімдік бөлімшесі мен «Сардар», «Көкжал» арнайы мақсаттағы жасақтары өнер көрсетті. Қойылым барысында қарумен орындалатын әскери элементтер мен саптық дефиле көрермен назарына ұсынылды.

Сонымен қатар «Елім деп соқсын жүрегің», «Рух», «Сауыт» сынды патриоттық әндер шырқалып, Президенттік оркестрдің солистері жаңа «Көк аспан» композициясын алғаш рет орындады.

Айта кетейік, мерейтой аясында өткен «Бауыржан Момышұлы және жаңа архив деректері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда батырдың бұрын көпшілікке белгісіз болып келген құжаттары да көпшілік назарына ұсынылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button