Басты жаңалықҚоғам

Мемлекет басшысы Астанадағы Инклюзивті спорт орталығын аралап көрді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Инклюзивті спорт орталығының қызметімен танысты. Бұл — мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық, медициналық, оңалту және білім беру инфрақұрылымын бір кешенге біріктірген еліміздегі алғашқы орталық.

Қазіргі таңда Астанада 42 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Олардың басым бөлігін балалар, жастар және еңбекке қабілетті жастағы азаматтар құрайды. Аталған орталықта олар тұрақты түрде спортпен шұғылданып, оңалтудан өтіп, қоғамға бейімделу мүмкіндігіне ие болады.

Орталықта көпфункционалды спорт залы, оңалту бөлімі, медициналық кабинеттер, конференц-зал, сондай-ақ параспортшыларды оқу-жаттығу жиындары, жарыстар мен білім беру бағдарламалары кезінде орналастыруға арналған қонақ үй блогы қарастырылған.

Мұнда 12 бейімделген спорт түрі бойынша жаттығулар өткізіледі. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалармен спорт және білім беру саласында жұмыс істейтін мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Tanym көпфункционалды кешенін және New Generation School Astana мектебін аралаған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button