Технология

Астанада жүргізушісіз көлікті іске қосу жоспарланып отыр

Елордада жүргізушісіз автомобильді пайдалану бағытындағы жұмыстар жаңа кезеңге өтпек. Алдағы жылы автономды көлік Астананың бірнеше жаңа аумағында пилоттық режимде сынақтан өткізіледі. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мәлім етті.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жоба жан-жақты пысықталып, техникалық және қауіпсіздік талаптары тексерілуде. Алғашқы сынақтар арнайы дайындалған автоХҚО алаңдарында жүргізілген. Бұл шешім жүргізушісіз технологияны қауіпсіз ортада тексеруге мүмкіндік берген.

— Біз толық дайындықсыз асығыс шешім қабылдағымыз келмейді. Жобаны барлық талапқа сай әзірлеп, содан кейін ғана пилоттық іске қосуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы автономды көлік қаланың өзге де бөліктерінде сынақтан өтеді, — деді Дмитрий Мун.

Айта кетейік, бұған дейін вице-министр әлеуметтік желідегі парақшасында жүргізушісіз автомобильдің қысқы жағдайдағы сынақ барысын көрсеткен болатын. Мамандардың пікірінше, бұл бастама елдегі көлік инфрақұрылымын цифрландыруға және заманауи жасанды интеллект технологияларын енгізуге жол ашады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button