Экономика

Елордада әйел кәсіпкерлер саны 109 мыңнан асты

Астанада әйелдер басқаратын жеке кәсіпкерлік пен компаниялардың саны 109,2 мыңға жетті, бұл шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы санының 53,9%-ын құрайды. Бұл туралы қаланың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров ресми брифингте хабарлады.

Әйел кәсіпкерлердің көпшілігі көтерме және бөлшек сауда саласында жұмыс істейді – мұнда 43,9 мың субъект қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету саласында 21 мың, ал жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында 11,2 мың әйел кәсіпкер тіркелген.

Басқарма өкілінің айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігі елорданың экономикалық тұрақтылығын қалыптастыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға елеулі үлес қосуда. Сол себепті әйелдер бизнесін қолдау басқарманың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады.

Мемлекеттік қолдау бағдарламалары

Әйел кәсіпкерлерге арналған негізгі қолдау құралдары:

  • Несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету: сыйақы мөлшерлемесі 12,3%-ға дейін төмендетіліп, несие сомасы 200 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.

  • «Даму» қоры арқылы кепілдендіру механизмі: несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беріледі. Астана қаласы бойынша филиалы – Мәңгілік Ел даңғылы, 55а.

  • Әлеуметтік кәсіпкерлерге гранттар: 5 млн теңгеге дейін, жобаны кемінде 20% өз қаражаты арқылы қаржыландыру және жұмыс орындарын құру шарттары қойылады.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Social Innovation Hub ашылуда. Мұнда:

  • Арнайы қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік кофехана жұмыс істейді,

  • Әлеуметтік кәсіпкерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың өнімдері көрсетілетін шоурум бар,

  • Білім беру, ғылыми-зерттеу орталықтары және коворкинг кеңістік қарастырылған.

Қуаныш Сапаров әйелдерге кәсібін бастау үшін бизнес негіздері бойынша тегін оқу курстарына қатысу, нарықты зерттеу және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану маңызды екенін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button